Сирияның шығысындағы Дэйр әл-Зор провинциясында терактіден ондаған босқын қаза тапты. Syrian Observatory for Human Rights ұйымының мәліметінше, 5 қарашада сириялық босқындар лагерінде мина жасырылған көлік жарылып, 75 адам қаза тауып, 140 адам жараланды. Босқындар жиһадшылар, үкімет әскері және, АҚШ қолдайтын қарулы оппозиция арасындағы ұрыстардан бас сауғалап, Дэйр әл-Зор провинциясында тұрып жатқан.
Шабуылға жауапты әзірге ешкім мойнына алған жоқ. Бұған дейінгі осыған ұқсас шабуылдарды "Ислам мемлекеті" террорлық ұйымының қарулы топтары жасаған.
Бірнеше күн бұрын Сирия үкіметі провинция орталығы Дэйр әл-Зор қаласын басып алғанын мәлімдеген. Бұған дейін қаланың көп бөлігіне иелік етіп тұрған "Ислам мемлекеті" ұйымының жасақтары Сирияның оңтүстігіндегі Иракпен шекараға қарай бос жатқан аудандарға шегінген.