Accessibility links

Қырғызстан ІІМ Салянованың інісінің өлімін саясатпен байланыстырмайды


Аида Салянованың інісі Улан Саляновтің үйі. Шу облысы, 6 қараша 2017 жыл.
Аида Салянованың інісі Улан Саляновтің үйі. Шу облысы, 6 қараша 2017 жыл.

Тергеушілер Қырғызстан парламентінің депутаты Аида Салянованың інісі, 6 қараша күні түнде өз үйінде атып кеткен Улан Саляновтің өліміне қатысты бірнеше болжам білдіріп отыр. Қырғызстан ішкі істер министрлігі бұл оқиғаны саяси астары бар деп есептемейтінін хабарлады.

Бұл оқиға бойынша қылмыстық кодекстің 97-баб бойынша ("кісі өлімі") қылмыстық іс қозғалды. Тергеуді ішкі істер министрлігінің тергеу қызметі жүргізіп жатыр.

Ведомство мәліметінше, 6 қарашада кезекші бөлімге Шу облысының Аламудун ауданы Кок-Жар ауылында қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы ақпарат түскен. Оқиға орнына барған милиция қызметкерлері 6 қараша күні 01:30 шамасында бетперде киге бірнеше адамның Улан Саляновтің үйіне басып кіргенін анықтаған. Алдын ала мәліметтер бойынша, күдіктілер Саляновке атыс қаруынан екі рет оқ атып, оқиға орнынан қашып кеткен. Жәбірленуші жарақат алып, жергілікті ауруханаға жеткізілген соң көз жұмған. Қылмыс жасалған кезде үйде Саляновтің өзі мен отбасы мүшелері болған.

Саляновтің туыстарының сөзінше, үйге бетперде киген үш-төрт адам басып кіріп, ақша талап еткен. Улан Салянов олармен жанжалдасып қалып, қарулы адамдар оны атып тастаған.

Милиция күдіктілерді ұстау жоспарын жариялаған. Тергеуді ішкі істер министрлігі басшылығы бақылауға алған.

Аида Салянова - оппозициялық "Ата Мекен" партиясының парламенттегі фракциясының депутаты, бұрынғы бас прокурор. 10 қазанда Бішкектің Ленин аудандық соты Аида Салянованы әділет министрі болып тұрған кезінде қызмет бабын теріс мақсатта пайдаланды деп айыпталып, 5 жылға соттаған. Сот Салянованың жазасын өтеу мерзімін кішкентай ұлы 14-ке толатын кезге дейін ұзартқан. Аида Салянованың адвокаты сот үкіміне апелляциялық шағым түсірген.

XS
SM
MD
LG