Қырғызстан парламентінің оппозициялық "Ата Мекен" фракциясынан сайланған бұрынғы депутаты, жемқорлық айыбымен сегіз жылға сотталған Омурбек Текебаевтің адвокаты бүгін таңертең, белгісіз біреулер өзінің үйіне кіріп, Текебаевтің қылмыстық ісі материалдарын ұрлап әкеткенін мәлімдеді. Оқиға орнынан түсірілген видеоны Текебаевтің тағы бір адвокаты Искен Афиджанов Facebook-те жариялады. Болжам бойынша, ұрылар үйге ас үйдің терезесінен кірген.
Бейнежазбада адвокаты Қанат Хасанов үйге кіргендер тапаншаның көшірмесі мен қылмыстық іс материалдарын ұрлап әкеткенін айтады. "Менде сыйға берілген тапанша болған. Ол тіпті газбен атылатын, немесе травматикалық тапанша да емес, ойыншық сияқты. Сол және Омурбек Текебаевтің қылмыстық ісінің көшірмесі жоқ. Менде Текебаев ісі бойынша жинаған шағын папка болған. Басқа бағалы бұйым болмаған" деді Хасанов.
Оқиға орнына барған милиция қызметкерлері тергеу шараларын бастады. Адвокат Қанат Хасанов "Мегаком" ісіне қатысты сотта Омурбек Текебаевты қорғаған. Бұл іс бойынша Текебаев пен қырғызстандық тағы оппозицияшыл саясаткер Дуйшенкул Чотонов сегіз жылға сотталған.
6 қараша күні түнде Қырғызстан парламентінің депутаты, "Ата Мекен" фракциясының депутаты Аида Салянованың інісі Улан Саляновтің үйіне белгісіз біреулер басып кіріп, атып кеткен. "Ата Мекен" партиясы оның өлімін әпкесі, экс бас прокурор Аида Салянованың қызметімен байланыстырып, қылмыстың саяси астары барын мәлімдеді. Билік кісі өлімін саясатпен байланыстырмай отыр.