Accessibility links

Атамқұлов: Офшордағы компаниямнан пайда көрмедім


Бейбіт Атамқұлов, Қазақстанның қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі.
Бейбіт Атамқұлов, Қазақстанның қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі.

Қазақстанның қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов офшорда тіркелді деген Centraz Finance Ltd компаниясына қатысты комментарий берді.

Астанада үкімет отырысынан соң журналистерге берген сұхбатында Атамқұлов Мальтада тіркелген Centraz Finance Ltd компаниясы 1998 жылы "Алматыда жеке тұрғын үй құрылысына шетелден инвестиция тарту үшін" құрылғанын және оған өзі "3,5 мың доллардай қаржымен құрылтайшы болып кіргенін" айтты. "Ресей мен Қазақстанда дағдарыс басталған соң компанияның жұмысы жүрмей қалды. Одан пайда таппадым. Кейін Мальтаға компания құрамынан шығатыным туралы хат жазғанмын. Жауап келмеді. Компаниядан мені шығарғанын, я шығармағанын білмеймін" деді Бейбіт Атамқұлов. Министр компания құрамынан шығуға қатысты заңгерлермен кеңесетінін айтты.

Журналистік зерттеулердің халықаралық консорциумы (International Consortium of Investigative Journalists, ICIJ) көлемі жағынан былтыр мамырда жарияланған "Панама архивімен" салыстыруға болатын миллиондаған офшор құжаттарын жарыққа шығарған. Онда Қазақстанның қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов пен "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевтың есімі аталады.

Paradise Papers мәліметтері бойынша, министр Бейбіт Атамқұловтың Мальтада тіркелген Centraz Finance Ltd компаниясы бар. Баяндама авторлары 1998 жылы құрылған компанияның әлі жұмыс істеп тұрғанын жазады. Бұл компанияның тағы бір директоры - министр туысы Ерлан Атамқұлов. Ерлан Атамқұлов 2002 және 2007 жылдар аралығында «Қазақстан темір жолы» компаниясын басқарған. Азаттық радиосының "Настоящее Время" редакциясы ақпаратына қарағанда, ол қызметінен коррупциялық лақаптар шыға бастағанда кеткен. Бірақ айыптар сол күйі тергелмей қалған. Атамқұловтар атына тіркелген Мальтадағы компания шарап өндіріп сатумен айналысады.

XS
SM
MD
LG