Accessibility links

Кабулда қарулы топ телеарнаға шабуыл жасады


Кабулдағы қарулы топ шабуылына ұшыраған жекеменшік Shamshad TV телеарнасының кеңсесі. Ауғанстан, 7 қараша 2017 жыл.
Кабулдағы қарулы топ шабуылына ұшыраған жекеменшік Shamshad TV телеарнасының кеңсесі. Ауғанстан, 7 қараша 2017 жыл.

Кабулда 7 қарашада қарулы адамдар жекеменшік Shamshad TV телеарнасын басып алып, ғимаратта атыс жүріп жатыр деп хабарлады Азаттықтың Ауған редакциясы. Полицияның мәліметінше, телеарна қызметкерлерінің көбі ғимарат ішінде қалып қойған.

Куәгерлердің айтуынша, 7 қараша күні таңертең пуштун тілінде хабар тарататын белгілі телеарнаға кем дегенде үш қарулы адам басып кірген. Олар кірердің алдында жарылыс болған.

Телеарна қызметкерлерінің бірі телеарнаның бірнеше журналисі мен қызметкері ғимараттан қашып шыққанын айтты.

"Камерадан үш шабуылдаушының телеарна ғимаратына кіргенін көрдім. Олар алдымен күзетшіні атып өлтіріп, сосын ішке кірді. Бұдан соң олар гранаталар лақтырып, оқ ата бастады" деді Shamshad TV тілшісі, ғимараттың артқы есігінен сыртқа қашып шыққан Файсал Заланд France Press агенттігіне.

Аты-жөнін атамаған қауіпсіздік қызметкерінің айтуынша, шабуылдаған бір адамды күзетшілер атып өлтірген. Шабуылдан телеарна қызметкерлерінің зардап шеккені туралы әзірге мәлімет жоқ.

Шабуыл кезінде телеарна хабары тоқтап қалды.

Шабуылды кім жасағаны әзірге белгісіз. Бірақ "Талибан" қозғалысы бірден шабуылға қатысы барын жоққа шығарып, мәлімдеме таратты.

Өткен жылы "Талибан" содыры Ауғанстандағы ең ірі жекеменшік Tolo телеарнасына шабуыл жасап, жеті қызметкерін өлтірген.

XS
SM
MD
LG