Киевтің Жуляны әуежайында Азат Еуропа / Азаттық Радиосы (АЕ/АР) мен украиналық "Перший" телеарнасының бірлескен "Схемы" жобасы бойынша жұмыс істеп жүрген журналистер Ресейден "Украина таңдауы" ресейшіл ұйымының басшысы Виктор Медведчуктің келуі туралы репортаж дайындап жатқан кезде шабуылға ұшырады.
Азаттықтың Украин редакциясының журналисі Михаил Ткачтің Facebook-те жазуынша, бетперде киіп шабуыл жасағандар журналистердің саясаткер мен оның ұшағының әуежайға қонуын түсіруіне мүмкіндік бермеген.
"Олар бізді шынтағымен ұрып, итеріп, операторымыздың қолынан камерасын екі рет алып алды. Олар біздің көлігімізді камерасы бар панельмен жауып, біздің Ресейден келіп жатқан Виктор Медведчук ұшағының қонғанын және оның терминалдан өткенін түсіруімізге мүмкіндік бермеді" деп жазды Ткач.
Журналист бетперде киген адамдардың Медведчук Мәскеуге ұшып кеткенде немесе Ресейден оралғанда әуежайда оған тұрақты қызмет көрсететін оққағарлар болып шыққанын хабарлады.
"Схемы" жобасының бас редакторы, Азаттықтың Украин редакциясының журналисі Наталья Седлецкая Медведчуктің оққағарлары команда жұмысына бірнеше күн бойы бұзуға әрекеттенгенін мәлімдеді.
Виктор Медведчук - Ресей президенті Владимир Путинмен жеке тығыз байланыстағы украин саясаткері. Ол Украина шығысындағы украин әскерилері мен Ресей қолдайтын сепаратистер арасындағы қақтығысты тоқтату үшін өтетін келіссөзге үнемі қатысады.