Accessibility links

Ұлттық банк: Bank RBK ақша беруді шектеуді біртіндеп жояды


Қазақстан Ұлттық банкінің бас кеңсесі, Алматы (Көрнекі сурет).
Қазақстан Ұлттық банкінің бас кеңсесі, Алматы (Көрнекі сурет).

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков Bank RBK банк клиенттерінің қаржысын алуына ққойылған шектеу біртіндеп жойылатынын мәлімдеді. Астанада парламент отырысының арасында Смоляков Bank RBK мен Ұлттық банк арасында жасалған "келісім жобасы" бойынша банкке алдымен акционерлер қаржы құятынын, содан кейін ғана Ұлттық банк субсидиялы несие беретінін хабарлады. "Бұл процестің барлығы жыл соңына дейін аяқталуы тиіс" деді Смоляков журналистерге.

Смоляковтің сөзінше, банк жеке тұлғалардың қаржысын шешіп алуына қойған шектеуді біртіндеп алатынын, ең алдымен "әлеуметтік маңызды төлемдерді" - студенттер, жалақы алатындар мен несие картасын пайдаланатындарға, содан кейін ғана басқа клиенттерге төлем жасала бастайтынын айтты. Ол Bank RBK-ге қаржы алдағы екі-үш айда түсетінін айтты.

7 қарашада Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев "Bank RBK-ні сауықтыру шаралары жасалып жатқанын" хабарлаған. Ақышев Ұлттық банк шараларды үкіметпен және "Қазақмыс" корпорациясымен бірлесіп жасағанын айтқан.

3 қарашада "Нұр Отан" партиясының жиынында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Bank RBK-ке қатысты шағымдарды естіп, біліп отырғанын мәлімдеген. Президент банктегі жағдай "акционерлердің ұрлығынан туған мәселе" екенін айтып, "акционерлердің есін жидыруға" уәде берген. "Ұрылар өздеріне тиісті жерде отырады. Оларға ақшаны қайтартқызамыз, банк жұмысын қалпына келтіреміз. Акционерлер, әсіресе жеке тұлғалар өз қаржысын ала алады" деді Назарбаев. Дегенмен, Bank RBK-дан қаржы жымқырылғанын дәлелдейтін сот шешімі туралы ақпар немесе банктің қандай да бір заң бұзғаны туралы факт әзірге ашық дереккөздеріне түскен жоқ.

XS
SM
MD
LG