Accessibility links

Бабанов парламенттегі фракция басшылығынан кету себебін айтты


Омурбек Бабанов, Қырғызстан парламентінің депутаты, президенттікке бұрынғы кандидат.
Омурбек Бабанов, Қырғызстан парламентінің депутаты, президенттікке бұрынғы кандидат.

Қырғызстан парламентінің депутаты, 15 қазанда өткен президент сайлауында 33 пайыздан астам дауыс жинаған Омурбек Бабанов парламенттегі "Республика - Ата-Журт" фракциясының жетекшілігінен кету себебін түсіндірді. Оның бұл туралы үндеуін НТС телеарнасы жариялады. Саясаткер үндеуінде қазір шетелде емделіп жатқанын хабарлағанымен, нақты қай елде екенін айтпайды.

"Мен қазір шетелдемін, денсаулығым бірқалыпты, емделіп жатырмын. Мен денсаулығым туралы түрлі болжамдар мен сыбыстар естідім, олардың барлығы негізсіз. Сіздермен бірге Қырғызстанның көркеюі мен демократияға өтуі үшін күресемін, мен оған дайынмын. "Республика" партиясы мен парламенттегі "Республика - Ата-Журт" фракциясы қалыпты жағдайда жұмыс істеп жатыр. Біз сайлау заңдарын өзгерту, экономикалық және әлеуметтік саясат бойынша заң жобаларын қысқа мерзімде ұсыну үшін барынша келіскен түрде, жан аянбай және жедел жұмыс істеуіміз керек. Осыған байланысты "Республика - Ата-Журт" фракциясының басшысы қызметімнен кеттім" деген Омурбек Бабановтың мәлімдемесінде. Ол соңында әріптестеріне "фракция әсіресе осы күндері жұмысын бір сәтке де тоқтатпай, заң шығару және саяси қызмет мәселелерінде жедел шешімдер қабылдауы тиіс" екенін айтады.

4 қарашада Қырғызстан бас прокуратурасы Жогорку Кеңеш депутаты, президенттік сайлаудан үміткер болған Өмірбек Бабанов пен басқа тұлғаларға қарсы Қырғызстан қылмыстық кодексі 297-бабының 1-тармағы (конституциялық құрылымды күшпен өзгертуге шақыру) және 299-бабының 1-тармағы (ұлтаралық, нәсілдік және діни араздықты қоздыру) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген.

Бұл іс Бабановтың 28 қыркүйекте сайлауалды үгіт-насихат науқаны кезінде Ош қаласының "Әмір Темір" шағын ауданы тұрғындары алдында сөйлеген сөздеріне байланысты қозғалған.

Президент сайлауында басты қарсыласы, биліктегі Социал-демократиялық партияның кандидаты Сооронбай Жээнбековтен жеңілген Бабанов өзіне қарсы істі "саяси мақсатта қозғалған іс" деп атаған. Кейін Бабановтың Ресейде емделіп жатқаны хабарланған.

XS
SM
MD
LG