Accessibility links

Істі сотқа жеткізуде уақыт пен ресурсты үнемдеу ұсынылды


Қазақстан бас прокуроры Жақып Асанов мәжілісте сөйлеп тұр. Астана, 15 қараша 2017 жыл.
Қазақстан бас прокуроры Жақып Асанов мәжілісте сөйлеп тұр. Астана, 15 қараша 2017 жыл.

Қазақстанда қылмыстық-процессуалдық заңнамаларға бірсыпыра өзгеріс енгізу ұсынылып отыр. Азаттық тілшісінің парламент мәжілісінен хабарлауынша, бұл жөнінде сәрсенбіде Қазақстан бас прокуроры Жақып Асанов құқық қорғау қызметінің процессуалдық негіздерін модернизациялау мәселелері бойынша кейбір заң актілеріне түзетулер мен өзгерістер енгізу туралы заң жобасын таныстыруда айтты.

Асановтың сөзінше, өзгерістер жобасында қылмыстық-процессуалдық шараларды жеңілдету, қорғаушылар мүмкіндігін кеңейту, қылмыстық процесте уақыт пен ресурсты үнемдеу шаралары қарастырылған. "Мысалы, қорғаушыларға тергеушілер мен тергеуші прокурорлар егер сот сараптамаларын ғана емес, тергеу амалдарын жүргізуден де бас тартса, оларды сот арқылы тергеу амалын жүргізуіне мәжбүрлеуге мүмкіндік берілмек.

Бұған қоса тергеу кезінде айыптау мен қорғау тараптары қолда бар барлық дәлелдеме, құжаттарымен алмасуы керек. "Егер олар бір-біріне материалдарды ашпаса, кейін сот кезінде олар жарамсыз деп танылуы мүмкін. Бірақ қорғау тарабының бір артық құқығы бар, олар маңызды деген бір дәлелі, мысалы куәгері барын айтпауы мүмкін. Себебі тергеу мен прокурор қолында мүмкіндігі көп болғандықтан ол куәгерді қорқытып, жауабынан тайдырып жіберуі мүмкін. Яғни, қорғау тарабына маңызды дәлел, куәгерін ертең сот процесінде жариялауына құқық беріледі" деді Жақып Асанов.

Бас прокурор бұған қоса заңға өзгерістер қабылданса, ұсақ қылмыстарды тергеп, соңғы сот шешімін қабылдауға бұрынғыдай екі ай емес, 6-9 күн ғана кететінін айтты. Оның сөзінше, жобада енді қандай факт бойынша іс қозғалса, сол бойынша ғана тергеу жүргізу, сотқа дейінгі тергеу процесін жеделдету, уақыт пен ресурсты үнемдеу қарастырылған.

"Мәселен, бір адам ұрлық үстінде ұсталды. Куә бар, жәбірленуші бар, видео жазылған, өзі мойындап тұр, ешқандай күмән жоқ. Айдай анық іс, өте оңай. Бірақ осындай іс полицияда 15 күн тергеледі, үш күн прокурор қарайды, 20 күн сот қарайды. Сонда екі айдай уақыт кетеді, ал мұның барлығы шығын. Мұндай процестің қажеті не? Сондықтан біз бұйрық өндірісі деген институты енгізіп жатырмыз. Егер күдікті қылмысын мойындап, ол бойынша жазада тағайындалған айыппұлды төлеймін десе, жәбіренуші оған келіссе, онда осы бойынша жаза тағайындау керек" деді

Қазанның ортасында мәжілісте заң жобасын таныстырған бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов конституцияда көрсетілген күдіктілерді ұстау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа дейін азайту ұсынылып отырғанын айтқан. Оның сөзінше, егер күдікті кәмелетке толмаған болса, онда бұл мерзімді 24 сағатқа дейін азайту керек.

XS
SM
MD
LG