Орал қаласының әкімшілік соты Батыс Қазақстан облысы Жаңақала кентінің тұрғыны, 33 жастағы мұғалім Руслан Оразәлиевке ескерту жасау түрінде әкімшілік жаза кесті. Бұл жайында Азаттыққа Оразәлиевтің өзі телефонмен хабарлады.
15 қарашада Руслан Оразәлиев Оралдың орталық алаңындағы Абай ескерткішінің алдында қарсылық акциясын өткізген. Ол Жаңақала аудандық әкімдігі жанындағы тұрғынүй комиссиясының шешімін жоюды талап етеді. Оның сөзінше, комиссия кезекте өзінен кейін тұрған адамдарға мемлекеттік бағдарлама бойынша "әділетсіз түрде" үй берген.
Оқыңыз: Баспана кезегіндегі мұғалімдер билікпен соттасып жатыр
Мұғалім акцияда қолына "Жаңақала әкімдігі заңсыз, кезексіз үй береді. Облыс әкімі Көлгіновтен де көмек болмады. Енді Елбасыдан көмек сұраймын!" деген жазуы бар плакат ұстап тұрды.
Бірнеше минутқа ғана созылған акциядан соң Оразәлиевті полиция ұстап, оған рұқсатсыз шара өткізгені үшін әкімшілік хаттама толтырды.
Бұған дейін Орал қалалық ішкі саясат бөлімі Оразәлиевтің акция өткізуіне рұқсат бермеген болатын.