Accessibility links

Баспана кезегіндегі мұғалімдер билікпен соттасып жатыр


Жаңақала мектебінде музыкадан сабақ беретін Руслан Оразәлиев. Батыс Қазақстан облысы, 5 қазан 2017 жыл.
Жаңақала мектебінде музыкадан сабақ беретін Руслан Оразәлиев. Батыс Қазақстан облысы, 5 қазан 2017 жыл.

Батыс Қазақстан облысы Жаңақала аудандық соты жергілікті мұғалімдер отбасының аудан әкімі мен тұрғын үй комиссиясының үстінен түсірген азаматтық талап-арызын қарап жатыр. Ерлі-зайыпты мұғалімдер "кезекке бізден кейін тұрғандарға баспананы әділетсіз бөлді" деп мәлімдеп, тұрғын үй комиссиясы шешімінің күшін жоюды талап етеді. Сот процесін әлгі комиссия шешімімен өзі де үй алған судья жүргізіп жатыр.

33 жастағы Руслан Оразәлиев пен Динара Рамазанова - ауылда тұратын қарапайым мұғалімдер отбасы. Қаладағы оқуын бітіргеннен кейін екеуі Орал қаласынан 250 километр жердегі Жаңақала ауданының әкімшілік орталығы - Жаңақала кентінде жұмыс істеп жүр. Руслан жергілікті қазақ орта мектебінде музыка пәнінен, Динара гимназияда тарих пәнінен сабақ береді. Екеуінің сегіз жасар ұлы бар.

Отбасы 2008 жылдан бері ауылда баспананы жалға алып тұрады. Қазір екі бөлмелі шағын үйді айына 20 мың теңгеге жалға алып тұрып жатыр. Коммуналдық қызмет (су, жарық, газ, Интернет) ақысымен қоса есептегенде айлық төлем 45 мың теңгеден асып кетеді. Отбасы аудан орталығынан мемлекеттік баспана алу үшін 2014 жылы кезекке тұрған.

- Соңғы үш жылда Жаңақалада ондаған үй салынды, бірақ біздің кезегіміз мүлде жылжымайды. Жазған хаттарымызға "кезектерің әлі келген жоқ" деген сырғытпа жауаптар келеді. Баспананы бізден кейін кезекке тұрғандарға бере бастады. Бұл әділетсіздік қой, сондықтан сотқа жүгіндім, - дейді Руслан Оразәлиев.

Жаңақала ауданының баспана қорындағы үйлер. Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала кенті, 5 қазан 2017 жыл.
Жаңақала ауданының баспана қорындағы үйлер. Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала кенті, 5 қазан 2017 жыл.

ҮЙДІ ШЕНЕУНІКТЕР АЛҒАН

2016 жылы желтоқсанның 29-ы күні аудандық тұрғынүй комиссиясы шешімімен аудан орталығында 20 жаңа үй берілген. Мемлекеттік баспана алғандар тізімінде - шенеуніктер, судья, бюджеттік мекеме қызметкерлері, халықтың әлеуметтік жағдайы нашар топтарынан бірнеше адам бар.

Бірақ Руслан Оразәлиев отбасының тізімдегі кезегі жылжымаған. Руслан 2017 жылы ақпанда әкімнің халыққа есеп беру жиынында мән-жайды анықтауды сұрап, әуелі Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгіновке жүгінген. Кейін прокуратура тұрғынүй комиссиясының жұмысын тексерген. Облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев тексеру қорытындысы бойынша Оразәлиевке "кінәлі адамдар заң бұзғаны үшін жауапқа тартылды" деген жазбаша жауап жолдаған.

Руслан Оразәлиевтің (микрофон алдында тұр) Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгіновке сұрақ қойып тұрған сәті. Орал, 17 ақпан 2017 жыл.
Руслан Оразәлиевтің (микрофон алдында тұр) Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгіновке сұрақ қойып тұрған сәті. Орал, 17 ақпан 2017 жыл.

Әкім орынбасары 2017 жылы мамырдың 16-сы күні жолдаған хатта мемлекеттік қызметші этикасы жөніндегі облыстық кеңес шешімімен Жаңақала ауданы тұрғын үй комиссиясы мүшелеріне "қызметіне толық сай еместігі туралы ескерту түрінде тәртіптік жаза тағайындалды", бұған қоса, комиссия хатшысы «ескерту» түріндегі тәртіптік жазаға тартылды" деп көрсетілген. Аудан әкіміне "Тұрғынүй қатынастары туралы" заң нормаларын орындау тапсырылған.

Комиссия жұмысынан нақты қандай заң бұзушылықтар анықталғаны хатта көрсетілмеген, бірақ тұрғынүй комиссиясы мүшелерінің бірі, атап айтқанда, Жаңақала аудандық сәулет және құрылыс бөлімі бастағы Ерлан Әбдіров іссапарға кетуіне байланысты комиссия отырысы өткен күні жұмыс орнында болмағанына қарамастан, комиссия ұйғарымы хаттамасына қол қойғаны 2017 жылғы мамырда мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің этика кеңесінде анықталған.

ТІЗІМДЕГІ СУДЬЯ

Мұғалімнің тұрғынүй комиссиясына қарсы азаматтық талап-арызын мұғалімдер отбасы күшін жоюды талап еткен тұрғынүй комиссиясының шешімі бойынша өзі де баспана алған аудандық сот төрағасы Асхат Ғапуов қарап жатыр.

Мұғалімдер отбасының мүддесін (талап-арызды Динара Рамазанова берген ) адвокат Төрехан Мұхтаров қорғайды. Адвокаттың сөзінше, талапкер арызында тұрғынүй комиссиясының бюджеттік мекемелердің төрт қызметкеріне баспана бөлу жайлы шешімін заңсыз деп тануды сұрайды.

Арызда Рамазанованың кезегі 57-ші болғанын, ал баспана алғандар кезекке одан кейінірек тұрғаны, ал жаңа үйлерді иеленгендердің ішінде бір әйел өтінішін тұрғынүй комиссиясы шешім шығарардан екі апта бұрын ғана бергені, кезекте 114-ші нөмірмен тіркелгені айтылған.

- Біз жұртқа баспананы неліктен тізімнің соңынан бастап бере бастады деген негізгі сұраққа жауап беруін сұраймыз. Олар ештеңе айта алмай, алдыңғы тұрғын үй комиссиясына сілтейді. Мына жағдайда Рамазанованың құқығы өрескел бұзылған, өйткені кезекке ол кісіден әлдеқайда кеш тұрғандарға баспана берген, - дейді Төрехан Мұхтаров.

Динара Рамазанова түсірген арыз бойынша өтіп жатқан сотқа келген адамдар. Жаңақала, 5 қазан 2017 жыл.
Динара Рамазанова түсірген арыз бойынша өтіп жатқан сотқа келген адамдар. Жаңақала, 5 қазан 2017 жыл.

Қазанның 5-і Жаңақалада өткен сот отырысы кезінде сотқа тартылған жауапкерлер мен куәлер тергелді.

Тұрғынүй комиссиясы шешіміне сәйкес үй алған аудандық денсаулық сақтау бөлімі маманы Берік Нұрғалиев шешімді заңды деп санайды:

- Әйелім екеуміздің кәмелетке толмаған бес баламыз бар. Үй алғанға дейін әке-шешемізбен бірге тұрғанбыз. Меніңше, тұрғын үй комиссиясы отбасымыздың жағдайын ескерді. Бәрібір біздің кінәміз жоқ, - дейді ол.

Сотта ата-енесінің отбасымен бірге тұрып, жұмыс орны бойынша баспана беруді сұрап талай өтініш бергенін айтқан колледж директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Камила Ғабдулина да талап-арызды мойындамайды. Бірақ Ғабдулина тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне баспана алардан екі ай бұрын ғана - 2016 жылғы қазанда арыз бергенін мойындады.

Жаңа үйге кіргендердің ішіндегі тағы бір адам - гимназияның математика пәнінен сабақ беретін мұғалім Гүлжан Боранбаеваның айтуынша, аудандық білім беру бөлімі басшылары оны 2015 жылы Жаңақалаға баспанамен қамтамасыз етеміз деген уәдемен Орал қаласынан шақырған.

- Қыркүйектің 3-і күні маған Тайманов көшесіндегі 2017 жылғы қаңтарға дейін тұрған үйдің кілтін берді. Бірақ маған бөлінген үйге көп балалы отбасын кіргізгендіктен, жаңа үйлердің біріне көшуімді сұрады, - деп түсіндірді мұғалім.

Гимназияның сотқа шақырылған орыс тілі пәні мұғалімі Гүлмира Сәлімова өтініш бергеннен кейін бірнеше апта ішінде баспана алғанын растап, "мен де аудандық білім беру бөлімінің шақыруымен 2015 жылғы тамызда келгенмін" деді.

Адвокат Төрехан Мұхтаров "Күйеуіңіздің мүлкі бар я жоғын растайтын анықтаманы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне неге өткізбедіңіз? " деп сұрады. Сәлімова бұған"Жаңақалаға көшкенге дейін күйеуім Ақжайық ауданындағы Базартөбе ауылының әкімі болған және кірісі туралы декларация тапсырған" деп жауап берді.

Даулы үйлерді бөлген кездетұрғын үй комиссиясының хатшысы болған, ал қыркүйектің 18-інен бері аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі бастығы болып жұмыс істейтін Асылбек Төлешов сотта комиссия "Тұрғынүй қатынастары туралы" заң негізінде әрі "категорияларды, кезекті және баспанаға зәрулікті ескеріп" объективті шешім қабылдады деп санайтынын мәлімдеді.

- Сіз комиссия хатшысы болдыңыз ғой, отырыста не болғанын толық білесіз. Рамазановадан кейін кезекке тұрғандар неге ол кісіден бұрын баспана алды? Қалай бұлай болды? – деп сұрады судья Ғапуов Төлешовтен.

- Бұл сұраққа жауап бере алмаймын, өйткені ол кезде шешімді мен қабылдағаным жоқ. Өзгелердің іс-әрекетіне баға бере алмаймын, - деп жауап берді Төлешов.

Кезекте тұрған адамдарға баспана бөлу туралы Жаңақала ауданы тұрғынүй комиссиясының 2016 жылы желтоқсанның 29-ы шығарған шешімі хаттамасының үзіндісі.
Кезекте тұрған адамдарға баспана бөлу туралы Жаңақала ауданы тұрғынүй комиссиясының 2016 жылы желтоқсанның 29-ы шығарған шешімі хаттамасының үзіндісі.

Ертеректе, яғни 2017 жылғы мамырдың 19-ында судья Асхат Ғапуов 20 адамның ішінде үй алған аудандық мұрағат қызметкері Гүлбарам Хасанованы мемлекеттік баспанадан шығару туралы шешім шығарған болатын. Бұл шешім сәуірде аудандық прокуратура аудан әкімі Лавр Хайретдиновтің Хасановаға үй беру туралы шешіміне қарсылық білдіргеннен кейін шыққан. Прокурорлық тексеру кезінде Хасанованың күйеуінің атында Жаңақалада тіркелген үй бар екені анықталған, бұл оны мемлекеттік баспана кезегінен автоматты түрде шығаруға негіз болады.

КОМИССИЯДА ТАҒЫ КІМДЕР БОЛҒАН?

Кезектен тыс баспана беру шешімін қабылдаған тұрғын үй комиссиясы құрамында аудан әкімінің сол кездегі орынбасары Дархан Закарин, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі бастығы Нұрлан Бейісов, бөлім маманы Асылбек Төлешов, аудандық экономика және қаржы бөлімі бастығы Жанат Басирова, аудандық құрылыс бөлімі бастағы Ерлан Әбдіров, заңгер Аршат Бисенов және аудан әкімдігінің кадрлар бөлімінің бастығы Ахан Қапаров болған.

Қазір тұрғын үй комиссиясы мүшелерінен әкімдікте Жанат Басирова мен Асылбек Төлешов қана қалған.

Жұртты шулатқан бірінші хаттамада қолы тұрған Жаңақала ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары әрі сол тұста комиссия төрағасы орынбасары міндетін қоса атқарған Дархан Закарин ауданның Меңдешев ауылдық округінің әкімі болды.

Баспананы заңдастыруға көмектескені үшін пара алды деген айыппен 2017 жылғы ақпанда аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі бастығы Нұрлан Бейісов ұсталған. Биыл маусым айында судья Асхат Ғапуов Бейісовті алаяқтық бабы бойынша айыпты деп танып, үш жылға соттаған.

2017 жылғы шілдеде тұрғынүй комиссиясын ресми басқарған аудан әкімі ауысты. Лавр Хайретдиновтің орнына бұрын Жәнібек ауданын басқарған Наурызбай Қарағойшин тағайындалды.

"МЫНА ТҮРІМЕН КЕЗЕК ЖЫЛЖЫМАЙДЫ"

- Егер осылай үнсіз жүре берсек, кезегімізді зейнет демалысына дейін күтетін шығармыз. Оқытқан балаларымыздың өздері баспана алып жатыр. Сот әділ шешім шығарып, заңсыз шешімдердің күшін жояды деп үміттенеміз. Егр баспананы бұлай бөле беретін болса, кезегіміз қанша үй салса да жылжымайды, жастар осылай баспанасыз жүреді. Жас мұғалімдердің бала оқытуға еш құлқы болмайды, - дейді Руслан Оразәлиев.

Жаңақала ауданы әкімдігінің ресми сайтында мемлекеттік баспана кезегінде тұрғандардың үш тізімі бар: "мемлекеттік қызметшілер мен бюджет саласы қызметкерлері" (116 адам), "жетім балалар" (49) және "әлеуметтік жағдайы нашар адамдар" (108).

Қазір Руслан Оразәлиев пен Динара Рамазанованың отбасы "мемлекеттік қызметшілер мен бюджет саласы қызметкерлері" санаты бойынша 56-шы нөмірмен кезекте тұр. Ауданда барлығы 24 мыңдай адам тұрады.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG