Accessibility links

Жаңа пәтердің орнына болмашы өтемақы ұсынады


Тұрғындардың бастамашыл тобы Алюминстрой шағын ауданындағы ескі үйлердің бірінің алдында тұр. Павлодар, 11 ақпан 2017 жыл.
Тұрғындардың бастамашыл тобы Алюминстрой шағын ауданындағы ескі үйлердің бірінің алдында тұр. Павлодар, 11 ақпан 2017 жыл.

Павлодардағы Алюминстрой шағын ауданы тұрғындары қала билігімен өткен соңғы кездесу нәтижесіне наразы. Олардың сөзінше, апатты деп танылған баспаналары үшін жаңа пәтер берудің орнына, билік екінші деңгейдегі жылжымайтын мүлік нарығынан баспана сатып алуға бес миллион теңге көлемінде ақшалай өтемақы ұсынған. Жұрт «бұл ақша бір бөлмелі пәтер сатып алуға ғана жетеді» дейді.

УАҚЫТША ПӘТЕРЛЕР ТҰРАҚТЫ БАСПАНАҒА АЙНАЛҒАН

Павлодардағы Алюминстрой ауданы салынғанына 50 жылдан асқан. 1950-1960 жылдары ықшам аудан территориясында алюминий шығаратын зауыт жұмысшылары үшін уақытша баспана салынған. Бірақ әлгі үйлер қағаз жүзінде ғана уақытша болып шығып, қамыстан қаланған екі қабаттыүйлерде павлодарлықтар бірнеше ұрпақ өрбіткен. Билік «ескі үйлерді бұзып, орнына жаңа баспана береміз» деп оқтын-оқтын уәде беріп келген, бірақ жылдар өте берген, ал шағын аудан сол күйі сүрілмеген. Алюминстройдың 159 үйінде өмір сүру жылдар өткен сайын қиындаған, бірақ билік жергілікті бюджетте жеткілікті қаражат жоқ екенін айтып, көпке дейін «қол қусырып» келген. Сарыарқа деп атаған жаңа шағын ауданның бас жоспарын билік 2013 жылы ғана таныстырған, ал кейінірек тозған үйлерді бұзу басталған.

Алюминстройдағы баспана дауы
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:02 0:00
Жүктеп алу

Алюминстрой шағын ауданын бұзып жатыр. Павлодар, 2013 жылдың маусымы.
Алюминстрой шағын ауданын бұзып жатыр. Павлодар, 2013 жылдың маусымы.

Тозығы жеткен үйлерді сүру талай жанжалға ұласқан болатын. Мысалы, құрылысы 2013 жылы басталып қойған алғашқы үйді пайдалануға беруді бірнеше рет кейінге қалдырған. Бұған қарағандылық құрылыс компаниясы кінәлі болып шыққан - ол құрылысты бастап қойып «жоғалып кеткен», оны көпке дейін «таба алмаған», сондықтан құрылыс тоқтап қалған. Ақыры Сарыарқа шағын ауданында алғашқы көпқабатты үй 2016 жылы ғана салынып біткен. Қазірге дейін көпқабатты бес үй салынып, оларға Алюминстройдың «қоныс аударушылармен» қатар баспана кезегінде тұрған адамдар да қоныстанған. Қала әкімдігі өкілдерінің Азаттыққа айтуынша, шағын аудандағы ескі үйі бұзылған тұрғындардардың бәрі, яғни 300-ден көп отбасы пәтер алған. Билік 2017 жылы шағын аудан құрылысы жалғасатынын айтады. Сарыарқа шағын ауданы құрылысы аяқталатын мерзімі айтылмайды, шамамен 2020 жыл деп болжанады.

Алюминстройдың қалған тұрғындары жаңа пәтер кезегі қашан келетінін күте бастаған. Жұрт «қала билігі бізді оқтын-оқтын жинап, құрылыс қарқыны мен жаңа үйлер тапсырылатын мерзім жайлы айтып тұрды» деп еске алады. Бірақ ақпанның 6-сында өткен кездесуде бірнеше үй тұрғындарына жаңа пәтерлердің орнына екінші деңгейдегі жылжымайтын мүлік нарығынан «бес миллион теңгеге баспана сатып алу немесе 30 мың теңгеге пәтерді жалға алу» мүмкіндігі берілетінін хабарлаған.

ВИДЕО: Тұрғындар наразылығы

Апатты үй тұрғындарының наразылығы
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:48 0:00

Валентина Ильенко шағын аудан тұрғындарының бастамашыл тобын басқарады. Алюминстройда тұрғанына 40 жылдан асқан әйел комиссия мүшелері үйді 2004 жылы «апатты жағдайда» деп танып, тіпті «бұзуға уәде бергенін» еске алады.

- Қала әкімі (Нұржан Әшімбетов. - Азаттық) бізді бірнеше мәрте жинаған.Ол Павлов көшесінің тақ санмен нөмірленген жағында Алюминстрой тұрғындарына арнап үш үй салынып жатқанын, әлгі үйлерге биыл шілдеге қарай қоныстанатынымызды айтқан. Ал ақпанның 6-сында «әлгі үйлер сіздер үшін емес» деді, оларды Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне беріп қойыпты, ал бізге бес миллион теңгеге баспана іздеуді немесе 30 мың теңгеге жалға алуды ұсынды. Өзге планетадан келген бе? Бізде баспана қанша тұратынын білмей ме? Әйтеуір құтылудың амалымен мойнымызға ипотека қамытын іліп қоймақшы, - деп ашуланады Валентина Ильенко.

ЖАҢА ПӘТЕР КҮТІП ШАРШАҒАНДАР

Тұрғындар құр уәде мен құрылысты аяқтау мерзімін кешеуілдете беруден әбден қажығандарын айтады. Бұған қоса, жұрттың сөзінше, билік ұсынған сомаға баспана сатып алу немесе жалға алу мүмкін емес.

Алюминстрой тұрғыны Наталья Цветкова жуырда әлгі шағын ауданда тұрғанына жарты ғасыр толған мерейтойды «тойлайтын шығармын» дейді.

- Көп өтіріктен әбден шаршадық, алдап келе жатқандарына қаншама жыл болды, кімге сенерімізді білмейміз. Чокин көшесіндегі үйді пайдалануға берген кезде біздің кезегіміз жақындап қалды ғой, жуырда бәріміз көшетін шығармыз деп дәмелене бастап едік. Бірақ тағы кейінге қалдырды, ал бізге өздерің іздеңдер деді. Бізге уәде еткен үйлерді «ипотекашыларға» беріп қойды, ал біз тағы қалдық, енді не істерімізді білмейміз, - дейді Наталья Цветкова.

Алюминстрой шағын ауданы тұрғыны Раиса Симонованың мүгедек ұлымен түскен суреті. Павлодар, 11 ақпан 2017 жыл.
Алюминстрой шағын ауданы тұрғыны Раиса Симонованың мүгедек ұлымен түскен суреті. Павлодар, 11 ақпан 2017 жыл.

Жергілікті тұрғындардың көбі үйінің қаусаған төбесі мен қабырғаларын шамасы жеткенше жөндеуге тырысады, ал 68 жастағы Раиса Симонованың бұған мүлде ақшасы жоқ. Раиса Симонова ересек екі ұлымен бірге тұрады, біреуі - бала кезден мүгедек, ал екінші баласының тұрақты жұмысы жоқ. Азаттықтың «Мұндай үйде тұру қорқынышты шығар?» деген сұрағына әйел «қорқа-қорқа батыр болғанын» айтады.

Ал Алюминстрой үйлерін бұзу процесі жалғасып жатыр. Қала әкімдігі дерегінше, жаңа жылдан бері 15 үй бұзылған, олардың орнына билік көпқабатты төрт үй салмақ.

Павлодар қаласы әкімі Нұржан Әшімбетовтің айтуынша, жоспарланған құрылыстан бөлек, биліктің «Сарыарқа шағын ауданында тағы екі үй салуға шамасы» бар.

Әшімбетов «Баспананы өздерің іздеп табыңдар деуіміздің себебі, бұл - болашақ үйлердің құрылысын тездету амалы ғана. Әйтпесе биылғы жылдың аяғына дейін күтуіне тура келеді» дейді.

- Биылға төрт үйдің құрылысын жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде конкурс жариялап қойдық. Мүмкін, тағы екі үй саламыз, ақша «Бәйтерек» компаниясы арқылы келіп жатыр, осы мақсатта құрылысқа жер іздеп жатырмыз. Жоспар бойынша, біз сүрілуі тиіс келесі үйлерді ұсынамыз, оларды көшіретін жер жоқ, сондықтан оларға жыл аяғына дейін баспананы жалға ала тұруды немесе екінші деңгейлі нарықтан пәтер сатып алуды ұсынамыз, - дейді Павлодар әкімі Нұржан Әшімбетов.

"Сарыарқа" шағын ауданында салынып жатқан үйлер. Павлодар, 11 ақпан 2017 жыл.
"Сарыарқа" шағын ауданында салынып жатқан үйлер. Павлодар, 11 ақпан 2017 жыл.

Бұған қоса, әкім егер әлгі үйлердің тұрғындары келіспесе, «бұл вариантты бір жылдан кейін немесе екі жылдан кейін көшіру жоспарланған келесі квартал тұрғындарына ұсынамыз» деп ескертеді.

Әшімбетовтің түсіндіруінше, жалға алатын немесе сатып алынатын баспананы бағалау үшін билік интернет-сайттардағы бағаға сүйенген, бірақ «өтемақының нақты сомасын әлі ешкім атамаған». Шенеуніктің сөзінше, «бес миллион теңге жайлы да, 30 мың теңге жайлы да» әңгіме болған емес. Енді Алюминстройдағы ескі үйлерінде қалған тұрғындардың «алданып қалмасақ екен» деген үмітпен жаңа шағын ауданның қалай салынып жатқанын бақылаудан өзге амалы жоқ. Тұрғындар «бізді екінші деңгейлі нарықтан баспана сатып алуға жаңа пәтерден айыру үшін ғана асықтырып отыр» деп санайды.

XS
SM
MD
LG