Accessibility links

Әбдірахманов: Атамбаевтың айтқаны саяси әдепке жатпайды


Қайрат Әбдірахманов, Қазақстан сыртқы істер министрі. Астана, 16 қараша 2017 жыл.
Қайрат Әбдірахманов, Қазақстан сыртқы істер министрі. Астана, 16 қараша 2017 жыл.

Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың Қазақстан басшысын сөккен сөздерін "саяси әдепке қайшы" деген пікірге қосылатынын мәлімдеді. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Астанада сенат жиынынан соң журналистерге комментарий берген Әбдірахманов Қазақстан сыртқы істер министрі, дипломат ретінде басқа ел мемлекет басшысының айтқандарына баға беруге құқығым жоқ деп есептейтінін айтты. "Тек, белгілі саясаттанушының "Биліктен кетіп жатқан Қырғызстан президентінің айтқандары саяси әдепке қайшы және егеменді мемлекет басшысының мәртебесіне сай келмейді" дегеніне қосыламын" деді Әбдірахманов.

Дегенмен, министр Қазақстан үкіметі Қырғызстан үкіметімен бұған дейін жасалған келісімді іске асыруда жұмыс істей алатынына сенімді екенін, және Қырғызстан премьер-министрінің өткен айдағы сапарында келісілген "жол картасын" қабылдап, қол қоюға ерекше көңіл бөле алатынын айтты.

Оның сөзінше, жол картасы 41 пунктен тұрады және ол қырғыз тарапы шағымданып отырған қазақ-қырғыз шекарасында туындаған мәселелерді шеше алады.

Әбдірахманов Бішкектің шекарадағы мәселені Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) мен Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) шығарғанын, бірақ Қазақстан Қырғызстаннан осы ұйымдардың ережелерін, әсіресе сауда-саттық пен тауар айналымына қатысты шарттарын орындауды ғана талап етіп отырғанын айтты.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев 15 қарашада қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдайды "блокада" деп атап, Қазақстан билігін айыптаған. Атамбаев бұл туралы Бішкекте елдің тұрақты даму стратегиясын талқылаған жиында мәлімдеген.

7 қазанда Атамбаев кейбір президенттікке кандидаттар мен Қазақстан билігінің атына қатар сын айтқан. Осыдан көп ұзамай, 10 қазанда Қазақстан Қырғызстанмен шекарада тексеруді күшейтіп, шекараның қырғыз жағында жүк көліктерінің кезегі пайда болған. Екі жақ 19 қазаннан бастап жолаушылар көлігі мен жүгі бар жолаушыларды өткізуді оңайлатуға уағдаласқан.

Азаттықтың қазақ-қырғыз дауы туралы мақалаларының толық тізімін қараңыз

Астана шекарадағы тексеруді Қырғызстаннан келетін "контрабандамен күресу үшін" күшейткенін айтады. Бішкек Қазақстан шекарада "қолдан кедергі жасап отыр" деп біледі.

XS
SM
MD
LG