Accessibility links

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев 2017 жылы қарашаның 15-і күні «Ала-Арча» мемлекеттік резиденциясында тұрақты даму жөніндегі Ұлттық кеңес отырысында қазақ-қырғыз шекарасындағы ахуал жөнінде сөйлеп, ешкімнен кешірім сұрамайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.

"МЕН ЕМЕС, ОЛАР КЕШІРІМ СҰРАСЫН"

"Көршінің үйіне өрт қойсаң, ол отты жел үрлеп өз үйің де өртенуі мүмкін" деген Атамбаев "2014 жылы көктемде дәл осындай қарт президенттің қытымыр мінезі кесірінен Қырғызстанның оңтүстік облыстары газдан ажырап қалғанын" еске алды".

- Сол кезде миллионға жуық қырғызстандықтар газсыз, жарықсыз қалған еді. Өйткені, тұрғындар электр қуатына көшкендіктен, ондай жүкті желі көтере алмаған. Ол жағдай 2015 жылғы қаңтарға дейін созылған… Сол кезде біздің саясаткерсымақтар, парламент депутаттары президент Атамбаев қарт диктатордың аяғына жығылып, кешірім сұрасын деп шыққаны есімде, - деді Атамбаев.

ВИДЕО: Атамбаев кешірім сұрамайтынын айтты (15 қараша 2017 жыл)

Қырғызстан президенті "қазір де олар бай көршінің аяғына жығылып, кешірім сұрауды талап етіп жатқанын" айтып:

- Мен не үшін кешірім сұрауым керек? Қырғызстанның ішкі ісіне араласпауды талап еткенім үшін бе? Қырғызстан заңдарын құрметтеуді талап еткенім үшін бе? Ешкім бұдан ары бізге өзінің тәртіптерін орната алмайды… Мен емес, ішкі ісімізге баса-көктей араласып жатқандар кешірім сұрауы керек. Бізге өздерінің ережелерін орнатқысы келгендер сұрауы керек. Кім өзінің "қолбаласын" егемен Қырғызстанның президенті креслосына отырғызғысы келеді, сол кешірім сұрауы тиіс. Иә, олардың "қолбаласы" отырады, бірақ президент креслосына емес, түрмеге отырады, - деп мәлімдеді Атамбаев.

ҚАЗАҚ-ҚЫРҒЫЗ ҮКІМЕТ ДАУЫ ҚАЛАЙ УШЫҚТЫ?

Сөзінің соңында Алмазбек Атамбаев қырғызстандықтарға қарата «2010 жылғы блокаданы да көргенбіз, 2014 жылғы энергетикалық блокаданы да көрдік, бұл блокадан да өтерміз. Президенттер, барлық диктаторлар ерте ме, кеш пе - кетеді. Кейде олар өз еріктерімен кетеді, кейде халықтың еркімен кетеді, кейде Құдайдың еркімен кетеді. Ал халықтар қалады. Көршіні сыйлау керек, көршімен дос болу керек» деді. Ол мұнан соң шекарадағы жағдайдың Қырғызстан инфрақұрылымын дамыту қажет екенін көрсеткенін айтты.

Алмазбек Атамбаев «қалыптасқан жағдайға Еуразия экономикалық одағының басшыларының енжар қарағанына» таңданады.

Қазан айының 10-ынан кейін Қазақстан қазақ-қырғыз шекарасында тексерісті күрт күшейтіп, осының кесірінен өткізу пункттерінде жүк көліктерінің ұзақ-сонар кезегі пайда болған. Тауарларын Қазақстан шекарасынан өткізе алмаған кәсіпкерлер шығынға батқандарын мәлімдеген.

ВИДЕО: Екі үкімет фермерлерді зар қақсатты (18 қазан 2017 жыл)

Қазанның 25-і күні Қазақстан үкіметі Қырғызстанның Қытайдан жасырын тауар өткізетінін мәлімдеп, шекарадағы әрекетін контрабандаға қарсы күрес ретінде көрсеткен. Қырғызстан үкіметі Қытайдан рәсімделмеген тауарлар таситынын теріске шығарып отыр.

ДАУДЫҢ БАСЫ - БАБАНОВ

Қырғызстанда Алмазбек Атамбаевтың биліктегі мерзімі аяқталуына байланысты қазанның 15-і күні президент сайлауы өткен еді. Онда Қырғызстан социал-демократиялық партиясының (ҚСДП) үміткері Сооронбай Жээнбеков жеңіске жеткен. Сайлау кезінде көршілес Қазақстан президенті "Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті" деген дауға қалған Өмурбек Бабанов жеңіліп қалған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Қырғызстан президенттігіне кандидат Өмірбек Бабанов. Алматы, 19 қыркүйек 2017 жыл. Қазақстан президентінің ресми сайтындағы сурет.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Қырғызстан президенттігіне кандидат Өмірбек Бабанов. Алматы, 19 қыркүйек 2017 жыл. Қазақстан президентінің ресми сайтындағы сурет.

Назарбаев пен Бабановтың кездесуінен кейін, қыркүйектің 20-сы күні (сайлауға дейін - ред.) Қырғызстан сыртқы істер министрлігі нота жолдап, Назарбаевтың Бабановпен кездескеніне наразылық білдірген. Бішкек мұны "Қазақстан жағының Қырғызстан халқының таңдауына ықпал етуге және Қырғызстанның ішкі ісіне араласуға тырысуы" деп бағалаған. Мұнан соң, сайлау таяған қазанның 8-і күні Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев президент сайлауына түсіп жатқан Омурбек Бабановты сынап, Қазақстан билігіне қарата "Қазақстан байлығын тонап жатыр" деген сарында қатты сөздер айтқан.

БАБАНОВ-НАЗАРБАЕВ КЕЗДЕСУІНЕН БАСТАЛҒАН ДАУ НЕГЕ ҰЛАСТЫ?

Атамбаев Бабановты "қазақстандық олигарх" Болат Өтемұратовпен байланыстырған. Қырғыз президенті сол сөзінде "Назарбаев Бабановпен кездескенде "Қырғызстанда өзің сияқты жас президент болғаны жақсы" деді. Бірақ бізде сайлауға түсіп жатқан ең үлкен кандидат Назарбаевтан 20 жас кіші. Жас президент кімге керек? Бізге ме, Қазақстанға ма?" деп мәлімдеген. Атамбаев Қазақстан Бабанов арқылы Қырғызстан сайлауына араласып отыр деген емеурін білдірген.

ВИДЕО: Атамбаевтың Қазақстан билігін сынаған мәлімдемесі

Кей сарапшылар Қазақстанның Қырғызстан тауарларын аяқ астынан қатты тексере қалғанын қырғыз президенті Алмазбек Атамбаевтың қазанның 8-і күні Қазақстан билігін сынаған осы мәлімдемесімен байланыстырады. Мәселен, қазақстандық экономист Мағбат Спанов биліктен кетіп бара жатқан қырғыз президенті Алмазбек Атамбаевты "Кей лауазымды тұлғалар үшін жазылған-жазылмаған ойын ережелері бар. Биліктен кетіп бара жатқан қырғыз президенті Атамбаев осы ережелерді бұзды. Ол совет заманындағы "қырғиқабақ соғыс" тәсілдерін, "сыртқы жау" образын пайдаланып отыр" деп айыптайды. Атамбаевтың сөздерін "шындықты айтты" деп қолдайтындар да бар.

Қазақ-қырғыз шекарасынан тауар тиеген жүк көліктерін өткізу дауы әлі шешілген жоқ. Кейбір сарапшылар бұл ырғасу бір айдан асып кеткен соң "Қырғызстанмен сауда соғысы" жайлы айта бастады.

Әзірге Атамбаевтың "кешірім сұрамайтыны" туралы мәлімдемесіне Қазақстан билігі қандай да бір ресми реакция білдірмеді.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG