Accessibility links

Қырғызстанмен «сауда соғысы» жайлы айтыла бастады


Қырғызстанның Шу облысында сүт өндіретін жекеменшік кәсіпорын. 23 қазан 2014 жыл.

Қазақстан қырғызстандық кей компаниялардың сүт, ет және кондитер өнімдерін кіргізуді шектеді. Астана бұл шешімін Қырғызстаннан "талапқа сай емес өнімдер келіп жатыр" деп түсіндірді. Сарапшылар екі көршінің бір айдан асқан тәжікесінен «сауда соғысы» белгілерін көреді.

Қазақстанның қырғызстандық кей компаниялардың сүт, ет және кондитер өнімдерін әкелуге шектеу енгізгені өткен аптада белгілі болған еді.

Қазақстан БАҚ-тарының хабарлауынша, Қазақстан денсаулық сақтау министрлігіне қарасты қоғамдық денсаулықты сақтау комитеті төрағасы Жандарбек Бекшин "Қырғызстаннан Қазақстанға келіп жатқан талапқа сай емес өнімдер көлемі ұлғаюы" тенденцияға айналып кетті деп түсіндірген.

"Ақ сүт", ТМ "РИХА" компанияларының, "Куликовский" кондитерлік кәсіпорнының және ірімшік өндіретін "Эмилия" компаниясының өнімдеріне тыйым салынғаны хабарланды. Бірақ Қырғызстанның мемлекеттік органдары мен тыйымға іліккен кәсіпорындары шектеу енгізілгені жайлы ресми хабарлама алмағандарын айтады.

«ҚАЗАҚСТАН ЕСКЕРТКЕН ЖОҚ»

Қырғызстан үкіметі жанындағы мемлекеттік ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік инспекциясы директоры Қалысбек Жұмақановтың Азаттықтың Қырғыз қызметіне хабарлауынша, Қазақстанға кіргізуге тыйым салынған өнімдер тиісті талаптарға сай өнімдер ретінде Еуразия экономикалық одағының (ЕАЭО) бірыңғай реестеріне енгізілген. Яғни, ол өнімдері Қазақстанға кедергісіз кіруі тиіс болған. Бұған қоса, Қалысбек Жұмақановтың айтуынша, кешегі, яғни қазанның 13-і күнгі есеп бойынша Қазақстаннан ешқандай ресми ескерту түспеген.

- Егер Қазақстан жағы әлгі кәсіпорындарға қатысты әлдебір шешім қабылдаса, бірден бізге хабарлауы тиіс болған. Жоқ дегенде «мынадай кемшіліктер кеткен, зертханалық зерттеу нәтижелеріне сәйкес, өнімдерің мынадай талаптарға сай емес» деп айтуы тиіс еді. Бірақ бізге ондай ақпарат түскен жоқ. Кәсіпкерлердің өздері де ондай ескерту алдық деп хабарлаған жоқ, - дейді ол.

Бішкек пен Астана шекарадағы жағдайға қатысты ымыраға келмеді. Қазақстан қырғыз-қазақ шекарасындағы жағдайды реттеуге арналған жол картасына қол қоюдан бас тартты. Еуразия үкіметаралық кеңесі жиынында Қырғызстан мен Қазақстан премьер-министрлерінің кездесіп, тараптар шекарадағы жағдайды реттеуге арналған жол картасын талқылаған, бірақ ортақ пікірге келе алмады.

ҚАЗАҚ-ҚЫРҒЫЗ ҮКІМЕТ ДАУЫ ЖАЙЛЫ МАҚАЛАЛАРДЫҢ ТОЛЫҚ ТІЗІМІ

Шектеу шаралары жайлы өнімі тыйымға іліккен кәсіпорындар да білмейтін болып шықты. Мысалы "Куликов" кондитер үйінің маркетинг жөніндегі директоры Олеся Кушенкова тыйым салынғаны жайлы БАҚ-тан естіген.

- Қазақстанның мемлекеттік органдарынан ешқандай ресми құжат алған жоқпыз. Өзгелер сияқты біз де бұл жайлы баспасөзден оқыдық. Қолымызға әлдебір құжат түскен бетте комментарий береміз, - дейді ол.

Тамақ өнімдерін шығаратын қырғызстандық өзге кәсіпорындардан да осындай жауап түсті.

Қазақстанға ет, сүт және балық өнімдерін жеткізуге әу бастан Қырғызстанның 25 кәсіпорны рұқсат алған. Олардың 15-і сүт өңдеп, тауарын көрші елге экспорттайтын компаниялар.

ҚОЙМАДА ҚАЛҒАН ТАУАРЛАР

Қырғызстандағы сүт өнімдерін шығаратын компания өкілдерінің айтуынша, қазақ-қырғыз мемлекеттік шекарасында өткізу тәртібі күшейтілген қазанның 10-ынан бері олар өнімдерін Қазақстанға өткізе алмай шығынға батқан. Олардың ішінде Талас облысындағы "Арашан" кәсіпорны да бар. Фирма директоры Алмаз Керималиев шығарған өнімін қоймада жинауға мәжбүр болып жатқанын айтады.

- Бүгінге дейін не бір килограмм ірімшік, не бір литр сүт сатқанымыз жоқ. Қондырғыларымыз көмірмен жұмыс істейді. Отынды Қазақстаннан сатып алып отырғанбыз. Енді көмір де сатып ала алмай қалдық. Халықтан сүт сатып алып жатырмыз, бірақ шығарған ірімшікті әзірше қоймада сақтауға тура келіп тұр. Бұл бізге қиын болып тұр, - дейді ол.

Қазақ-қырғыз шекарасында тұрған көліктер (17 қазан 2017 жыл):

Ал Ыстықкөл облысы Түп ауданындағы "Ақ Жалға" кәсіпорны директоры Кулуйпа Жузүмалиева амалын тауып өнімін Қазақстанға сатып жатқанын айтады. Бірақ ол шекарадағы кезектің кесірінен өндірушілер қосымша шығынға батып жатыр дейді.

- Ол жаққа өніміміз кетіп жатыр. Бірақ шекарадағы жағдай бәрібір әсер етеді. Мысалы бақылау-өткізу бекетіндегі кезектің кесірінен сүтімізді апара жатқан көліктер 20 сағаттап тұрып қалады да, әлгі көліктердің өнімімізді жеткізу құны қымбаттайды, - дейді ол.

Қазақстан шекарадан өткізу тәртібін күшейткен қазан айының 10-ынан бастап тексеру-өткізу бекеттерінде бірнеше километрге созылған кептелістер пайда болған еді. Астана қазанның 25-сі күні Қырғызстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы көлеміне қатысты деректерде «үлкен айырмашылық бар» деп мәлімдеді. Қырғызстан үкіметі бұл айыпты жоққа шығарады. Содан бері екі ел үкіметі басшылары бірнеше рет кездесті, бірақ шекарадан тауар өткізудің оңайлауына ол кездесулер әсер еткен жоқ.

Қырғызстан халықаралық валюта қоры мәлімдемесіне сілтеме жасап шекарадағы бақылауды күшейту салдарынан келген экономикалық шығын «200 миллион АҚШ долларынан асты» деп хабарлады және дүниежүзілік сауда ұйымына шағымданды. Қазақстан жағы "шекарадағы жасанды кедергі" туралы айыптауды жоққа шығарып, шекарадағы тексерудің күшейтілгенін "контрабандаға" қарсы күрес қажеттігімен түсіндірген.

«САУДА СОҒЫСЫ» МА?

Азаттық тілшісі хабарласқан Қазақстандағы «Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының» вице-президенті Тимур Назханов «қырғыз тауарлары талапқа сәйкес келмейді» деген уәжге аса сенбейді.

- Олардың тауарлары тазалау, табиғилық жағынан да жақсырақ. Дүкенде мысалы Қазақстан мен Қырғызстан тауары тұрса, Қырғызстандікін аламын - сапасы да, бағасы да тұтынушыға ыңғайлы. Енді тұтынушыға сол тауарлар жетпей жатыр, - дейді ол.

ВИДЕО: Екі үкімет фермерлерді қалай зар қақсатты (18 қазан 2017 жыл)

Тимур Назхановтың ойынша, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы қазіргі қарым-қатынастар сипатын «сауда соғысы» деуге болады.

- Менің ойымша, мәселе Атамбаевтың сөздерінен шықты. Ол Елбасыны (Нұрсұлтан Назарбаевты айтады - ред.), Қазақстан билігін сынады. Президент болған соң ондай сөздерді айтуға болмайды, онысы дұрыс емес. Талаптардың қатаңдауы менің ойымша соған байланысты, мұның экономикалық емес, саяси астары бар екені түсінікті болып тұр. Қырғызстанда Қазақстанның кәсіпкерлері де жұмыс істеп жатыр. Енді Қырғызстан оларды қысса не болады? Сондайға жетпесек болғаны деп отырмыз. Мұны сауда соғысы деп айтуға болады, - дейді ол.

ВИДЕО: Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев қазақ билігін сынады (8 қазан 2017 жыл)

Кәсіпкерлер қауымдастығының вице-президенті «сауда соғысының» екі ел кәсіпкерлеріне де қиын тиіп тұрғанын айтып:

«Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының» вице-президенті Тимур Назханов.
«Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының» вице-президенті Тимур Назханов.

- Мысалы Алматы облысындағы сүт өнімдерін шығаратын зауыттарға шикізат жетпей жатыр. Біздің кәсіпкерлер шикізатты көбінесе Қырғызстаннан алатын. Еттің көбісі Қырғызстаннан келеді. Бұл екі жаққа да зиян болып тұр, - деді.

Қазақстандық экономист Айдар Әлібаев екі елдің қазіргі сауда қатынастарын «соғыс» демейді, бірақ екі үкіметтің арасы нашарлағанын мойындайды.

- «Соғыс» демес едім. Мен мұны ешкімге керек емес абсурд, сауда саласындағы араздықтың басы деймін. Араздық шенеуніктердің, әсіресе біздің шенеуніктердің кеудемсоқтығынан шықты. Маған біздің жақтың (Қазақстанды айтады – ред.) айыбы көбірек болып көрінеді. Біз Ресейдің бұрынғы санитарлық дәрігері Геннадий Онищенконы жақсы білеміз. Ол керек кезінде Беларусь, Молдова, Латвия, Грузия тауарларынан «саяси вирус» таба қоятын. Біздің тараптың, санитарлық қызметтердің әрекеті де соған ұқсайды. Олар тырнақ астынан кір іздеуге нұсқау алған. Мен ондай нұсқауды жоғарғы жақ берген деп ойлаймын. Бұл жақсылыққа әкелмейді. Қырғыздардың қолында да тетіктер бар. Егер олар да бассыздыққа барамын десе, суды тоқтатып тастайды. Одан Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстары кәдімгідей зардап шегуі мүмкін. Ол егістіктің шығымына, азық-түлік мәселесіне әсер етеді, - дейді ол.

Экономист Айдар Алибаев.
Экономист Айдар Алибаев.

Әлібаев мәселе бұдан бетер ушықпай тұрғанда бұлай ырғасуды тоқтату керек деп есептейді.

Ал Қырғызстанның бұрынғы вице-премьері Олег Панкратовтың пікірінше, Еуразия экономика одағының (ЕАЭО) бірыңғай реестеріне енгізілген кәсіпорындар өнімдеріне шектеу енгізу - екі ел арасындағы «сауда соғысының» көрінісі.

- Талапқа сай емес деу үшін, жоқ дегенде әлгі өнімге мониторинг жүргізетін әлдебір мехнизмдер қажет. Бұл өнімді сату кезіндегі нарықтық қадағалау деп аталады. Бір елден өнімдері талапқа сай емес үш-төрт өндірушіні бір мезетте анықтауға мүмкіндік беретін көлемді мониторинг бағдарламасын Қазақстан арнайы жасады деп ойламаймын. Яғни, егер олар (тауарларды айтады - ред.) Қырғызстаннан біреу, Қытайдан біреу, Түркиядан біреу, Ресейден біреу болса, азды-көпті болсын шын болып көрінер еді. Ал бір елден бірнеше компанияны бір мезетте анықтап, өнімдері талапқа сай емес деп жариялау... Олардың бәрі Қырғызстанның ең үздік, өнімдері нормаларға сай кәсіпорындары, өйткені оларда HASP жүйесі енгізілген. Сондықтан, бұл қазақстандық әріптестеріміздің Қырғызстанға қарсы бастаған "сауда соғысының" көрінісі деп кесімді түрде айта аламын, - дейді ол.

Қырғызстанның бұрынғы вице-премьері Олег Панкратов.
Қырғызстанның бұрынғы вице-премьері Олег Панкратов.

Кейінгі күндері Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы жүк көліктер өтетін "Ақ тілек" бекетінде кезек азайғаны байқалған. Бірақ қарашаның 10-ы ол жерде 400-дей жүк көлігі бөгеліп қалғаны белгілі болды. Қырғызстанның мемлекеттік шекара қызметінің дерегінше, қарашаның 13-і күндері Қырғызстанның Талас облысындағы "Ақ тілек" және "Чон Капка" бекеттерінде де кезек байқалған.

Материалды әзірлеу барысында Азаттықтың Қырғыз қызметі тілшісі Бакыт Асановтың мақаласы пайдаланылды.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG