Accessibility links

ОҚО-да "терроризм" күдігімен 11 адам ұсталды


«Терроризмді насихаттау» және «діни араздықты қоздыру» баптары бойынша айыпталған Бақытжан Ізтілеуов ұсталған Гарант дүкені аумағын күзетіп жүрген полицейлердің бірі. Шымкент, 20 қыркүйек 2017 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысында 16 қарашада терроризмді насихаттады және діни алауыздықты қоздырды деген күдікпен Сайрам ауданы мен Шымкент қаласының 11 тұрғыны ұсталды деп хабарлады бейсенбіде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) баспасөз қызметі. ҰҚК ақпаратына қарағанда, күдіктілер облыстық ҰҚК департаменті мен ішкі істер органдары бірлесіп жүргізген арнайы операцияда ұсталған.

Арнайы қызметі күдіктілер WhatsApp және Telegram мессенджерлерінде және әлеуметтік желілерде ДАИШ ("Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымының араб тіліндегі атауының қысқарған түрі) пен басқа да халықаралық террорлық ұйымдардың "экстремистік идеологиясын насихаттайтын материалдар таратқанын" айтады. "Экстремистік материалдар желілердегі жалпы саны 400 адамы бар 24 топта жарияланған" делінген ҰҚК ақпаратында.

Оқиға бойынша тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.

Оңтүстік Қазақстан облысында соңғы үш айда терроризм күдігімен осымен екінші рет топ адам ұсталып отыр. Қыркүйектің 19-ы күні Шымкентте "қылмыстық топ құрған деструктивті діни ағым мүшелері" деген күдікпен үш адам ұсталған болатын. Кейін олар "терроризмді насихаттау" және "діни араздықты қоздыру баптары бойынша істі болып, екі айға қамалған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG