Accessibility links

Бішкек: Қазақстанмен шекарада кезек қайта көбейді


Қырғызстанның Қазақстанмен шекарасындағы "Ақ-Тілек" тексеру және өткізу бекеті. 6 қараша 2017 жыл.
Қырғызстанның Қазақстанмен шекарасындағы "Ақ-Тілек" тексеру және өткізу бекеті. 6 қараша 2017 жыл.

17 қарашада таңертең Қырғызстанның Шу облысындағы Қазақстанмен шекарасындағы "Ақ-Тілек" тексеру және өткізу бекетінде 365 жүк көлігі, "Чон-Капка" бекетінде 112 жүк көлігі жиналып қалған деп хабарлады Қырғызстан меклекеттік шекара қызметіне сілтеме жасаған Азаттықтың Қырғыз редакциясы. Шекара қызметі басқа бекеттерде кезек байқалмайтынын айтады.

Өткен аптаның басында шекарада кезек күрт азайған. Шекара қызметінің есебінше, 8 қарашада "Ақ-Тілек" бекетінде ондаған жүк көлігі тұрған. Ведомство қазақстандық шекарашылар ол кезде бос көліктерді кедергісіз өткізгенін, ал жаңадан көлік бармағанын айтқан. Ал соңғы күндері кезек қайта көбейе бастаған.

Бүгін шекарадан сағатына орта есеппен жеті-сегіз жүк көлігі ғана өткізіліп жатыр.

7 қазанда Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев президенттікке кейбір кандидаттар мен Қазақстан билігінің атына қатар сын айтқан. Осыдан көп ұзамай, 10 қазанда Қазақстан Қырғызстанмен шекарада тексеруді күшейтіп, шекараның қырғыз жағында жүк көліктерінің кезегі пайда болған. Тараптар 19 қазаннан бастап жолаушылар көлігі мен жүгі бар жолаушыларды өткізуді жеңілдетуге келіскен болатын.

Астана шекарадағы тексеруді Қырғызстаннан келетін "контрабандамен күресу үшін" күшейткенін айтады. Бішкек Қазақстан шекарада "қолдан кедергі жасап отырғанын" айтып, Дүниежүзілік сауда ұйымына және Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) жүгінген.

Осы аптада Алмазбек Атамбаев Қазақстан басшылығының атына тағы да сын айтып, Қырғызстан Қазақстан билігінің "өзімбілемдігі" салдарынан бір айдан астам уақыт ЕАЭО-мен байланысын үзгенін мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG