Accessibility links

Мугабенің биліктен кетуін күткен мыңдаған адам Хараре көшесіне шықты


Зимбабве президенті Роберт Мугабені отставкаға кетуге шақырған жазу ұстаған адамдар. Хараре, Зимбабве, 18 қараша 2017 жыл.
Зимбабве президенті Роберт Мугабені отставкаға кетуге шақырған жазу ұстаған адамдар. Хараре, Зимбабве, 18 қараша 2017 жыл.

Зимбабвені соңғы 37 жыл басқарған президент Роберт Мугабе мен оның әйелі Грейс "өздері дұрыс санайтын үшін жан беруге әзір" және олар осы аптада елде болған әскери төңкерісті мойындамайды да, оның талабына көнбейді де. Бұл туралы сенбі күні Reuters агенттігіне Мугабенің туысы Патрик Жуаво мәлімдеген. Оңтүстік Африкадағы жасырын жерден байланысқа шыққан ол әскерилер билікті басып алғалы бері Мугабенің ұйқы көрмегенін, бірақ оның денсаулық жағдайы бұрынғыдай "өте жақсы" екенін айтқан. 18 қарашада ел астанасы Хараре қаласында көшеге шыққан мыңдаған адам Мугабені биліктен кетуге көндіру үшін президент сарайына баруға әзір деп хабарлайды Reuters.

Роберт Мугабенің көп ұзамай отставкаға кететініне сенімді мыңдаған адам бүгін Харареде көшеге шығып, сарбаздарды құшақтап, би билеп, ән салған. Reuters агенттігінің хабарлауынша, тұрғындар Мугабенің билігі кезіндегі қуғын-сүргін мен жоқшылық зардабын шеккеннен кейін саяси және экономикалық өзгерістер қажеттігі туралы айтқанда шаттығын жасырмай сөйлеген.

"Бұл қуанғаннан шыққан көз жасы. Мен өмір бойы күткен бұл күн де ақыры, міне, келіп жетті. Біз енді азатпыз" деген Зимбабве туын ұстаған 34 жастағы Фрэнк Муциндиваның сөзін келтірген Reuters. Кейбір демонстранттар "Мугабе династиясына жол жоқ" деген жазу ұстап, азаттық белгісі ретінде жұдырықтарын көтерген. Енді біреулер елде билікті басып алған армия сарбаздарын құшақтап, "Рахмет!" деп алғыс білдірген. Бір апта бұрын мұндай көрініс ойға да келмеген деп хабарлайды Reuters.

Оқыңыз: Зимбабведе - төңкеріс, Мугабе - "қамауда"

"Бұл қазіргі лидерлеріміз", - дейді 22-жастағы Заин Моффат армия қолбасшысы Константино Чивенга мен бұрынғы вице-президент Эммерсон Мнангагваның суреттерін бұлғап. Мугабенің Мнангагваны қызметтен алуы әскери төңкеріске себеп болған. "Арманым – жаңа Зимбабвені көру. Мен өмір бойы Мугабе атты осы тиранды ғана көріп келдім!" дейді Моффат.

Биліктегі ЗАНУ-ПФ партиясы жұма күні Мугабені отставкаға кетуге шақырған. Бұл туралы ақпаратты бас мемлекеттік басылым The Herald хабарлауы, 93 жастағы Мугабенің билігінің аяқталуына санаулы уақыт қалғанын көрсетеді.

Роберт Мугабе Зимбабве Ұлыбританиядан тәуелсіздік алған 1980 жылдан бері билік басында отырған.

XS
SM
MD
LG