Accessibility links

Зимбабведе - төңкеріс, Мугабе - "қамауда"


Зимбабве астанасы Хараредегі президент Роберт Мугабенің резиденциясы маңында атыс естілген. 15 қараша 2017 жыл

Зимбабведе әскерилердің төңкеріс жасап, билікті басып алғаны хабарланды. Әскери жетекшілік президент Мугабені "қауіпсіз жерге көшіріп", оның төңірегін "қылмыскерлерден тазартып жатқанын" мәлімдеді.

Зимбабве әскері қарашаның 15-інде 93 жастағы президент Роберт Мугабенің "төңірегіндегі қылмыскерлерді нысанаға алғанын", ал Мугабенің өзі мен отбасы "қауіпсіз әрі сенімде жерде екенін" мәлімдеді.

Оңтүстік Африка республикасының президенті Джейкоб Зума зимбабвелік әріптесімен телефон арқылы сөйлескенін мәлімдеді. Зубаның сөзінше, Роберт Мугабе "еркі шектеулі күйі үйінде отырғанын, бірақ халі жақсы екенін" айтқан.

Сәл ертерек әскер мен әскери техникалар ел астанасы Хараренің орталығындағы үкімет кеңселері, парламент пен сотқа апаратын негізгі жолдарды жапқан. Хараредегі Мугабе резиденциясының айналасында атыс пен жарылыс үні естілген. Әскер елдің мемлекеттік телеарнасы ZBC-дің кеңсесін басып алды.

БҰЛ ТӨҢКЕРІС ПЕ?

"Біз Мугабенің айналасындағы елдің әлеуметтік және экономикалық қиындыққа ұшырауына себеп болған қылмыс жасағандарды жауапқа тартуды көздеп отырмыз. Өз миссиямызды аяқтаған соң жағдай қалыпқа түседі деп ойлаймыз" деді Зимбабве қорғаныс күштерінің ресми өкілі генерал-майор Мойо телеарна арқылы.

Мугабенің өзі де, оның саяси белсенділік танытып жүрген зайыбы Грейс те телеарнадан көрінбеді.

Үкіметтегі дерек көзі Reuters ақпарат агенттігіне қаржы министрі Игнатиус Чомбоның да қамауға алынғанын хабарлады. Чомбо билеуші Zanu-PF партиясының Грейс басқаратын фракциясының мүшесі еді.

Зимбабве әскерінің өкілі генерал-майор Мойо мемлекеттік телеарнадан үндеу жариялап тұр. 15 қараша 2017 жыл
Зимбабве әскерінің өкілі генерал-майор Мойо мемлекеттік телеарнадан үндеу жариялап тұр. 15 қараша 2017 жыл

Бұл әскери акцияны кім басқарып отырғаны белгісіз. Зимбабве әскерінің қолбасшысы Константино Чивенга әскердің Zanu-PF партиясының ішіндегі "жаппай қудалауды тоқтатпақ болғанын" айтты.

Зимбабве оппозициясының жетекшісі Морган Цвангираидың кеңесшісі болған Алекс Магаиса BBC-ге берген сұхбатында әскердің бұл әрекетін "төңкеріс емес" деп сипаттауына сенбейтінін айтты.

"Олар бұны "төңкеріс" деп атамайық деп шешкен. Өйткені төңкерісті ақтап алу қиын екенін, айыптауға ұшырайтынын біледі. Билікке қатысты айтсақ, президент Роберт Мугабе - шартты түрде ғана президент, ал құзырет әскерге тиген сияқты" деді Магаиса.

РЕАКЦИЯ

Зимбабвенің оппозициялық "Демократиялық өзгерістер қозғалысы" елде конституциялық демократияға бейбіт түрде оралуға шақырып, әскерилердің билікке ықпал етуі "тұрақты, демократиялық мемлекет орнатуға сеп болады" деген үміті барын мәлімдеді.

Зимбабвені азат ету соғысы ардагерлерінің басшысы Оңтүстік Африка республикасын, оңтүстік Африка аймағы елдері мен Батыс елдерін соңғы 20 жылда экономикалық дағдарысқа ұшыраған Зимбабвеге қолдау көрсетуге шақырды.

АҚШ пен Ұлыбритания Хараредегі елшіліктерінің жұмыс уақыты қысқаратынын ескертіп, азаматтарын "қауіпсіз мекенде қала тұруға" шақырды. Зимбабвенің ең ірі сауда әріптесі Қытай ахуалды жіті бақылап отырғанын мәлімдеді.

Өткен аптада Роберт Мугабе Зимбабве вице-президенті Эммерсон Мнангагваны "мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды" деп айыптап, отставкаға жіберген. Мнангагва Мугабенің "ықтимал мұрагері" саналған әрі армияның қолдауына ие болған. Зимбабве қарулы күштерінің басшысы елдегі саяси дағдарысты тоқтатуға "араласуға" дайын екенін мәлімдеген.

Роберт Мугабе Зимбабве Ұлыбританиядан тәуелсіздік алған 1980 жылдан бері 37 жыл бойы билікте отыр. Әскерилер вице-президенттің отставкаға кетуі билікті Мугабенің әйелі Грейске өтуге жол ашуы мүмкін деп қауіптеніп келген.

КӨРЕ ОТЫРЫҢЫЗ: Мугабе биыл ақпанда 2018 жылғы президент сайлауына түсем деп мәлімдеген.

Мугабе әлем бойынша "ең жасы үлкен" президент болатын. Ол ең ұзақ билік құрып отырған саяси жетекшілер тізімінде үшінші орында тұрған. Бұл тізімді Камерун президенті Пол Бийя (де-факто билік мерзімі - 41 жыл) бастап тұр. Екінші орындағы Экваторлық Гвинея президенті Теодоро Обианг Нгема Мбасого да 37 жылдан астам уақыт билікте отыр. Одан кейінгі ең ұзақ билеушілер - Иранның жетекшісі аятолла Әли Хаменеи мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Марксшіл Мугабенің тұсында Зимбабвенің экономикасы құлдырап, ұлттық валютасы қатты құнсызданып, халықтың әлеуметтік әл-ауқаты нашарлай түскен. Азаматтық белсенділер мен оппозиция жетекшілері қысымға ұшырап келген.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG