Киевте Украина қауіпсіздік қызметінің (СБУ) өкілдері Интерпол халықаралық іздеу жариялаған екі ресейлікті ұстаған. Ұсталғандардың бірі 2004 жылы 9 шілдеде қастандықпен өлтірілген америкалық Forbes басылымының ресейлік нұсқасының бас редакторы, сыбайлас жемқорлық туралы мақалалардың авторы Пол Хлебниковтің, сонымен бірге Шешенстан вице-премьері Ян Сергуниннің қазаларына күдікті саналады. СБУ-дің мәліметінде күдіктінің Украинада "жеке кәсіпкерлерді бопсалаумен айналысқаны" айтылған.
Киевте қолға түскен екінші адам – Шешенстан тумасы. СБУ ақпараты бойынша, ол қымбат автокөліктерді ұрлаумен айналысатын қылмыстық топ құрамында болған деген күдікпен ұсталған. Франция билігі оған халықаралық іздеу жариялаған.