Accessibility links

Халықаралық трибунал Ратко Младичке үкім шығармақ


Халықаралық трибунал ісін қарап жатқан Ратко Младич. (Видеодан скриншот.)
Халықаралық трибунал ісін қарап жатқан Ратко Младич. (Видеодан скриншот.)

Бұрынғы Югославия бойынша халықаралық қылмыстық трибунал 22 қарашада бұрынғы босниялық сербтер командирі Ратко Младичке үкім шығаруы тисі. Соғыс қылмыстары жөніндегі сот Младичтің ісін бес жыл бойы қарады. Ратко Младичке геноцид, адамзатқа қарсы және соғыс қылмыстарының 11 оқиғасы бойынша айыптар тағылған.

Младичтің соты бұрынғы Югославия бойынша халықаралық қылмыстық трибунал қарайтын соңғы сот процесі болып отыр. Бұл трибунал 1993 жылы Гаагада бұрынғы Югославия жерінде 1990 жылдардың басындағы соғыс кезінде жасалған әскери қылмыстарды тергеу үшін құрылған.

75 жастағы Ратко Младичке Босния астанасы Сараеводағы бейбіт тұрғындарды артиллериялық қарудан атқылауға және 1995 жылы шілде айында Сребреницада сегіз мыңға жуық мұсылман ер адамдар мен ұл балаларды қырғызып тастаған жантүршігерлік қылмысқа байланысты айыптар тағылған.

Ратко Младич дүрбі салып тұр. Сәуір, 1994 жыл.
Ратко Младич дүрбі салып тұр. Сәуір, 1994 жыл.

Сот процесінде прокурорлардың айтуынша, Младичтің әскері БҰҰ-ның бітімгершілік күшін ығыстырып тастап, ер адамдарды ату үшін қарттар, әйелдер мен балалардан бөліп алып кеткен. 2007 жылы бұрынғы Югославия бойынша халықаралық қылмыстық трибунал босниялық сербтердің Сребреница мұсылмандарын жаппай қырып-жоюын геноцид деп жариялаған. 1995 жылы халықаралық трибунал Младичке қарсы айыптар таққан, бірақ ол Сербияда жасырынып жүрген. Тек 2011 жылы мамырда Белград оны тұтқындап, Гаагадағы халықаралық қылмыстық трибуналға тапсырған.

Оқыңыз: Младич ең қандықол әскербасы атануы мүмкін

Ратко Младич өзіне тағылған барлық айыптарды жоққа шығарады. 2016 жылы бұрынғы Югославия бойынша халықаралық қылмыстық трибунал Младичтің саяси жетекшісі Радован Караджич те осындай қылмыстарға, соның ішінде геноцид қылмысы үшін айыпты деп танып, оны 40 жылға түрмеге қамауға үкім еткен.

XS
SM
MD
LG