Accessibility links

Младич ең қандықол әскербасы атануы мүмкін


Ратко Младич, бұрынғы босниялық серб әскерінің қолбасшысы сот залында. Гаага, 3 маусым 2011 жыл
Ратко Младич, бұрынғы босниялық серб әскерінің қолбасшысы сот залында. Гаага, 3 маусым 2011 жыл

Маусымның 3-і БҰҰ-ның Гаагадағы Әскери қылмыстар трибуналында 1990-жылдардағы Балқан соғысы жетекшілерінің бірі Ратко Младичтің ісін қарау басталды. 16 жыл бойы қашып жүрген Младичке қылмыстың аса ауыр түрлері бойынша 15 айып тағылып отыр.


Югославия бойынша халықаралық қылмыстық трибуналдың бұрынғы прокуроры Серж Браммерц былтыр күзде «Нью-Йорк таймс» газетіне берген сұхбатында «Младич қолға түсер күн жақын» деп болжаған және Еуропаның қақ төрінде жаңа заманда геноцид ұйымдастырды деп айыпталған адамды тергемей бұл трибунал жұмысын тоқтатпақ емес деген. Айтса айтқандай, Младич Сербия астанасына жақын жерде немере інісінің үйінде қолға түсті.

Ратко Младичке басқа әскери қылмыстармен қоса 1995 жылы Сребреница қаласында жаппай геноцид ұйымдастырып, 8 мың босниялық мұсылманды өлтірді деген айып тағылған. Сонымен қатар 1992 жылы ол басқарған Сараево қаласын құрсаулау операциясы кезінде 10 мың адам қаза болған. Бұл айыптың бәрі дәлелденген жағдайда Младич тек Еуропа ғана емес, адамзаттың жаңа тарихындағы ең қандықол әскербасы атанады.

ҮКІМГЕ ЖЕТЕ АЛМАУЫ МҮМКІН

Бірақ жасы 70-ке таяп қалған Младич үкім оқылатын күнге жете алмауы да мүмкін. Қашып жүрген жылдары бірнеше инсульт пен инфаркт алған ол қатерлі ісік дертіне де шалдыққан.
Сербия соты дімкәс генералды Гаага трибуналына «қуана» шығарып салды, себебі, Сербияны Еуроодақ қатарына қабылдаудың басты шарты ретінде бұл елдің үкіметіне қашқын Младичті құрыққа түсіру міндеті жүктелген еді.

Бір қызығы, сот барысында Младичтің адвокаты оның осыдан екі жыл бұрын Белград қаласындағы ауруханада қатерлі ісікке байланысты ем қабылдағанын айтты. Кейбір деректерде оның 2005 жылға дейін Серб Республикасынан мемлекеттік зейнетақы алып келгені айтылады. Басына 10 миллион еуро бәс тігілген күдіктінің дәл қазір қолға түсуі де біраз сұрақ тудырады.

Сербия соты дімкәс генералды Гаага трибуналына «қуана» шығарып салды, себебі, Сербияны Еуроодақ қатарына қабылдаудың басты шарты ретінде бұл елдің үкіметіне қашқын Младичті құрыққа түсіру міндеті жүктелген еді. Бұл елдің президенті Борис Тадич күдікті генералды іздеу 2000 жылға дейін ешкімнің ойына кіріп-шықпағанын айтқан.

МҰСЫЛМАНДАРДА КЕТКЕН ЕСЕСІ БАР

Младич 1943 жылы Сараево маңындағы селода дүниеге келеді. Ол мезетте бұл өңір аз ғана уақыт өмір сүрген Хорватия мемлекетінің қарамағында болатын. Алайда Младичтің сәби кезінде нацистік Германия мен фашистік Италия әскері ол тұрған селоны жаулап алады.

Әскери генералдан бірнеше рет сұхбат алған «Би-Би-Си» журналисі Пол Мартин оның мұсылмандарға деген өшпенділігінің себебін осы оқиғадан іздейді. «Младич кез-келген мейманды Босниядағы туған селосына алып барып, өзінің 101 адамнан құралған үлкен отбасын нацистік Германияның қолшоқпары болған босниялық мұсылмандардың қалай қырып салғанын баяндап береді. Бұл соғыс шынымен оның жеке басының өзге ұлт өкілдеріне қарсы соғысы болды», - деп жазады журналист.

ӘСКЕРИ ЖОРЫҚ

1990-жылдардың басында этнофедералистік негізде құрылған Югославия мемлекеті ыдырай бастағанда оның құрамында болған алты одақтас республиканың бірі – этникалық сербтер, хорваттар және босниялық мұсылмандар өмір сүретін Босния мен Герцеговина да тәуелсіздігін жариялады. Бірақ ондағы серб ұлтының өкілдері «аға мемлекет» - Сербияның ықпалындағы Югославияның құрамынан шығуды қош көрмей, өздерінше бөлек отау тігіп, Серб республикасы (Republika Srpska) атты жаңа этноаумақтық құрылымға бірікті.

Осы тұста бала күнінен әскери білім алған Младич югослав халықтық армиясының одақтық мемлекетті сақтап қалу жолындағы далбаса операциясына араласып кетті. 1991 жылы сербтер мен албандар арасында дүрдараздық басталған тұста армияның Косоводағы әскерін басқарушылардың бірі болып тағайындалды.Одан соң генерал-майор атағын алып, Югославия әскерінің Хорватияны одақ құрамына қайтару операциясына қатысты.

САРАЕВОНЫ ҚОРШАУ МЕН СРЕБРЕНИЦАДАҒЫ ҚЫРҒЫН

1992 жылы Босния өз тәуелсіздігін жариялаған соң бір ай өтпестен Югослав халықтық әскері елдің бас қаласы Сараевоны қоршауға алды. Ақпарат құралдарындағы мәліметтер бойынша, 18 мың әскер қаладан шығатын барлық жолдарды бақылауға алып, электр жарығы мен су беру тоқтатып тастады. Осы операцияның басы-қасында штаб бастығы, әрі екінші әскери штаб командирінің орынбасары ретінде Радко Младич болды. Бұл – адамзаттың жаңа тарихындағы ең ұзақ құрсаулау операциясы еді.
Әкесінің қылмыстары жөнінде ақпарат құралдары жаппай жаза бастағанын көрген Младичтің қызы бұл қорлыққа шыдай алмай өзін атып өлтірді деген дерек бар.

Кейін жаңа Серб республикасы Бас штабының қолбасшысы қызметіне тағайындалып, Младич бастаған топ бұл құрсауды 1995 жылы НАТО күштері араласқанға дейін жалғастыра берді. Соның кесірінен 10 мыңға жуық бейбіт тұрғын, соның ішінде 1500 бала қаза тапқан деген дерек бар.

Гаагаға кетер алдында шау тартқан Младич сақшылардың бақылауымен Белград түбіндегі бейітте жерленген туған қызы Аннаның басына барды. Кейбір сарапшылардың айтуынша, Ратко Младичтің 1994 жылдан кейінгі өміріне жасөспірім қызының кенеттен қаза табуы себеп болған-мыс. Әкесінің қылмыстары жөнінде ақпарат құралдары жаппай жаза бастағанын көрген қыз бұл қорлыққа шыдай алмай өзін-өзі атып өлтірді деген дерек бар. Жақындары Младичтің осы қазадан соң «қанішерге» айналғанын айтты. Қызметтес командир «Ньюсуик» журналына берген сұхбатында оның осы қазадан соң ес жия алмағанын айтқан.

1995 жылы Босниядағы мұсылмандардың аралы іспетті болып қалған Сребреница қаласын басып алған Радко Младичтің әскері бірнеше күннің ішінде 13 пен 77 жас аралығындағы 8 мыңдай адамды қырып салған делінеді. Халықаралық трибунал осы күнге дейін Сребреница қырғынына байланысты бірнеше істі қарап, серб генералдарын соттаған еді. Енді олардың басшысына да сот алдында жауап беретін кез келді.
XS
SM
MD
LG