Accessibility links

Қырғызстанмен шекарада кезек қайта көбейгені хабарланды


Қырғызстанның Қазақстанмен шекарасындағы "Ақ-Тілек" тексеру және өткізу бекеті. 6 қараша 2017 жыл.
Қырғызстанның Қазақстанмен шекарасындағы "Ақ-Тілек" тексеру және өткізу бекеті. 6 қараша 2017 жыл.

Қырғызстанның Қазақстанмен шекарасындағы тексеру және өткізу бекеттерінде 550-ден астам жүк көлігі жиналып тұр деп хабарлады Қырғызстанның шекара қызметіне сілтеме жасаған Азаттықтың Қырғыз редакциясы. Шекара қызметінің мәліметінше, Шу облысындағы "Ақ-Тілек" бекетінде 280 жүк көлігі, Талас облысындағы "Чон-Капка" бекетінде 170 жүк көлігі жиналып қалған.

Сонымен қатар, Бішкекке жақын "Ақ-Жол" бекетінде жүз шақты адам кезекте тұр. Дегенмен, қазақстандық шекарашылар оларды жылдам өткізіп жатқаны хабарланып отыр. "Ақ-Тілек" бекетінде 70 шақты жүк және жолаушылар көліктері, жеңіл көлік жиналып қалған.

7 қазанда Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев президенттікке кейбір кандидаттар мен Қазақстан билігінің атына қатар сын айтқан. Осыдан көп ұзамай, 10 қазанда Қазақстан Қырғызстанмен шекарада тексеруді күшейтіп, шекараның қырғыз жағында жүк көліктерінің кезегі пайда болған. Тараптар 19 қазаннан бастап жолаушылар көлігі мен жүгі бар жолаушыларды өткізуді жеңілдетуге келіскен болатын.

Астана шекарадағы тексеруді Қырғызстаннан келетін "контрабандамен күресу үшін" күшейткенін айтады. Бішкек Қазақстан шекарада "қолдан кедергі жасап отырғанын" айтып, Дүниежүзілік сауда ұйымына және Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) жүгінген.

Өткен аптада Алмазбек Атамбаев Қазақстан басшылығының атына тағы да сын айтып, Қырғызстан Қазақстан билігінің "өзімбілемдігі" салдарынан бір айдан астам уақыт ЕАЭО-мен байланысын үзгенін мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG