Accessibility links

Сот журналист Әли Ферузге айыппұл салды


Журналист Әли Феруз.
Журналист Әли Феруз.

"Новая газета" басылымының журналисі Әли Феруз "Ресей территориясында заңсыз жұмыс істеді" деп айыпталып, оған бес мың рубль айыппұл салынды. Бұл жайында Мәскеудің Басман сотынан "Интерфакс" агенттігі хабарлады. Феруз бұл сотқа 21 қараша күні кешке шетел азаматтарын уақытша ұстау орталығынан жеткізілген.

Сот сонымен қатар журналисті Ресейден шығаруға қаулы шығарды, бірақ оның орындалуын Еуропаның адам құқықтары жөніндегі сотының шешімі негізінде тоқтатып қойды.

Әли Ферузға қатысты іс ішкі істер министрлігінің қызметкерлері "Новая газета" басылымының редакциясын миграция мәселелеріне қатысты тексерген соң қозғалған.

Өзбекстан азаматы Әли Феруз (шын аты-жөні - Худоберди Нурматов) бірнеше жылдан бері Ресей билігінен босқын мәртебесін ала алмай жүрген болатын. Ресей ішкі істер министрлігі "Феруз Өзбекстанға оралу жеке басына қауіпті екендігіне дәлел келтіре алмады" деген уәж айтқан. Бірақ журналистің туыстары, әріптестері мен құқық қорғаушылар Өзбекстанда Феруздың өміріне қатер төнеді дейді.

1 тамыз күні Мәскеуде Ферузды "көші-қон заңын бұзды" деген айыппен ұстаған. Кейін Ресей соты Феруздың шағымы Еуропаның адам құқығы жөніндегі соты қарағанға дейін журналисті Өзбекстанға депортациялау туралы шешім күшін уақытша тоқтатқан. Әли Феруз содан бері шетелдік азаматтарды уақытша ұстау орталығында отыр.

XS
SM
MD
LG