Accessibility links

Зимбабвенің экс вице-президенті Мнангагва президент болмақ


Эммерсон Мнангагва.
Эммерсон Мнангагва.

Зимбабвенің бұрынғы вице-президенті Эммерсон Мнангагва 24 қараша, жұма күні президент ретінде ант береді. Осылайша, өткен аптада әскерилер биліктен шеттетіп, осы аптада отставкаға кеткені жарияланған президент Роберт Мугабенің 37 жыл билік құрған кезеңі аяқталады. Зимибабве парламентінің спикері Якоб Муденда биліктегі "Зимбабвенің африкалық ұлттық одағы – Патриоттық майдан" партиясы Мнангагваны президенттікке Мугабе отставкаға кеткен соң, 22 қарашада ұсынғанын хабарлады.

Екі апта бұрын Роберт Мугабе әйелі Грейс Мугабенің президенттікке мұрагер болуына жол ашу үшін Эммерсон Мнангагваны вице-президент қызметінен босатқан болатын. Бұдан соң Мнангагва қауіпсіздігіне алаңдап, елден қашып кеткен, ал әскерилер төңкеріс жасап, Мугабенің беделін түсірген. Мугабе отставкаға парламент өзіне импичмент процесін бастаған соң кетті.

Зимбабве астанасы Харареде Мугабенің отставкасына қуанған жұрт көшеде шаттанып, би биледі. Кейбірі Мнангагва мен төңкеріске басшылық жасаған армия қолбасшысы генерал Константино Чивенгидің портреттері бар плакат ұстап шықты. Мнангагва Хараререге сәрсенбі күні барды. Ол мәлімдеме таратып, Зимбабве тұрғындарын елді қалпына келтіру үшін бірігуге шақырды.

Мнангагва он жыл бойы Мугабенің сенімді серігі болған. Ол 1980 жылдардың ортасында елдің ішкі қауіпсіздігіне жауапты болған. Құқық қорғаушылар ол кезде Зимбабведе репрессия салдарынан 20 мыңға тарта адам қаза тапқанын айтады.

Зимбабвенің ендігі басшысына Мугабе тұсында күйреген экономиканы қалпына келтіру міндеті жүктелейін деп тұр. Батыс елдерінің көпшілігі 2000 жылдардың басында адам құқықтарын бұзғаны және әділ сайлау өткізілмейтініне байланысты Зимбабвеге санкциялар салған.

XS
SM
MD
LG