Accessibility links

Le Figaro: Керимов қаржының ізін жасыру күдігіне ілінді


Сулейман Керимов, Ресей Федерация кеңесінің мүшесі.
Сулейман Керимов, Ресей Федерация кеңесінің мүшесі.

"Франция билігі Ресей Федерация кеңесінің депутаты, миллиардер Сулейман Керимов ондаған миллион еуро қаржының ізін жасырды және салық төлеуде алаяқтық жасады деп күдіктеніп отыр" деп хабарлады өз дереккөзіне сілтеме жасаған француздың Le Figaro басылымы.

Басылым дерегінше, Керимов Францияның оңтүстік-шығыс жағалауларынан жылжымайтын мүлік, оның ішінде ресейлік олигархтар арасында тамынал Антиб түбегінен виллалар сатып алуда делдалдар мен компаниялар жүйесін құрған. Le Figaro дереккөзі салық төлемін азайту үшін сатып алынатын жылжымайтын мүліктердің бағасы әдейі төмендетілгенін айтады. Бірақ тергеу құжаттарында ресейлік сенатордың аты аталмаған. Басылым Керимовтің ісі бойынша төрт адамның ұсталғанын айтады. Олардың аты-жөндері жарияланған жоқ.

Сулейман Керимов 20 қарашада Ницца әуежайында ұсталып, қамауға алынған. Таяу күндері оны бұлтартпау шарасы тағайындалады. Миллиардер сенатор айыпты мойындаудан бас тартып отыр.

Ресей ішкі істер министрлігі Франция билігінің әрекеттерін заңсыз санайды. Министрлік Керимовтің ресми адам екенін және дипломатиялық қол сұғылмаушылық құқығы барын айтады. Кремль Керимовтің "заңды мүдделерін" қорғау үшін барлық шараны жасауға уәде берді. Ресми Париж Керимовтің дипломатиялық қол сұғылмаушылық құқығының әрекет ету шегін француз соты анықтайтынын мәлімдеді.

Сулейман Керимов Федерация кеңесінің 2008 жылдан бері депутаты. 2016 жылы ол "Ресейдегі ең бай 200 бизнесмен" рейтингісінде 1,6 миллиард доллар байлықпен 45-орынды иеленген.

XS
SM
MD
LG