Accessibility links

Атырау облысы: Сот оралманға қарсы әкімшілік істі тоқтатты


Оралман Қали Қаптуақи сотта жауап беріп тұр. Атырау, 24 қараша 2017 жыл.
Оралман Қали Қаптуақи сотта жауап беріп тұр. Атырау, 24 қараша 2017 жыл.

Атырау облысының әкімшілік соты көші-қон қызметінің Қытайдан келген оралманға қатысты қозғаған әкімшілік ісін тоқтатты. Облыстық көші қон қызметі Қытайдан келген этникалық қазақты "заңсыз жұмыс істеді" деген айыппен әкімшілік жазаға тартпақ болған.

Қарашаның 24-і күні Атырау облысының әкімшілік сотында Қытайдан келген оралман Қали Қаптуақиға қатысты көші-қон қызметі қозғаған әкімшілік іс қаралды. Көші-қон қызметі 31 жастағы Қали Қаптуақиды "көші қон заңнамасын бұзды, рұқсатсыз жұмыс істеді" деп айып тағады

Сотта жауап берген Қали Қаптуақи өзінің көші-қон қызметі айыптағандай еш жерде жұмыс істемегенін, тек жеке кәсіпкер көмек берген соң соның асханасына барып ара тұра жәрдемдескенін айтады.

- Мен Атырау қаласындағы асханалардың бірінде тамақ ішіп отырып, асхана қожайынымен танысып қалдым. Ол оралман екенімді естіген соң маған қолдау білдіріп, құжаттар жинауыма, қажетті анықтамаларға төлейтін қаржылық көмек көрсетіп жүрді, - деді ол өзінің жағдайын сотта баяндап.

Оралман жігіт өзін көші-қон қызметкерінің күштеп ас әзірлейтін бөлмеге кіргізіп, видеоға түсіріп, қорқытқанын айтты.

- Мені күштеп ас бөлмеге кіргізіп камераға түсірді. Мен қорыққанымнан олар айт деген сөздерді айттым, - деді Қали Қаптуақи сотта.

Атырау облыстық көші-қон қызметінің инспекторы Данияр Қалыбай сотта оралманның жұмыс істейтініне "көзі жеткенін", оған "тиісті куәлер бар" екенін айтып, асхана қожайынын шақыртты.

Сотта куәлік берген кәсіпкер Баққонды Өтепов Қали Қаптуақидің оралман қазақ екенін, жағдайынан хабардар болған соң оған көмектескенін растады.

- Бірақ ол менде жұмыс істеген жоқ. Оған қаржылық қолдау білдіргенім рас,- деді ол.

Мемлекеттік айыптаушы Дінмұхаммед Сапарбаев сот процесі барысында Азаттық тілшісінің қатысуына қарсылық білдірді. Сапарбаев сотта Қаптуақиді "бес күнге абақтыға жабуды, әкімшілік хаттаманы толтырудағы салғырттығы үшін көші қон қызметкеріне жеке қаулы шығаруды" сұрады.

Істі жүргізген судья Сәния Кенжәлиева оралман қазақты әкімшілік жазаға тартуға дәлелдің аздығын айтып, істі қысқартты. Судья әкімшілік хаттаманы дұрыс толтырмаған көші-қон қызметкеріне қатысты жеке қаулы шығарылғанын хабарлады.

Қали Қаптуақи - Қазақстанға биылғы тамызда келген. Ол 2017 жылдың қыркүйек айында оралман мәртебесін алып, қарашаның 18-і күні ықтияр хат алуға құжаттарын жолдаған.

Атырау облыстық көші-қон қызметі бұған дейін де Қытайдан келген студент Шұғыла Бауыржанның визасына қатысты әкімшілік іс қозғаған болатын. Оқу визасын алты айдан уақыт ұзақ сергелдеңмен создыртқан қытайлық қазақ студент те сот арқылы құқығын қорғап қалған болатын.

Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 517-бабына сай, шетелдіктің көші-қон заңын бұзғаны анықталса, ол шекарадан шығарылуы немесе он тәулікке абақтыға қамалып, жиырма бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынуы мүмкін.

XS
SM
MD
LG