Accessibility links

Зимбабве соты: әскерилер заңды әрекет жасады


Зимбабведе әскерилер биліктен шеттеткен президент Роберт Мугабенің портретін қабырғадан алып жатқан адамдар. Хараре, 21 қараша 2017 жыл.
Зимбабведе әскерилер биліктен шеттеткен президент Роберт Мугабенің портретін қабырғадан алып жатқан адамдар. Хараре, 21 қараша 2017 жыл.

Зимбабве жоғарғы соты елдің бұрынғы президенті Роберт Мугабені биліктен кетуге мәжбүр еткен "әскерилердің іс-қимылы - заңды" деген ұйғарым шығарды. Зимбабведе билікті басып алып, 93 жастағы авторитар басшыны қызметінен шеттеткен әскерилер өзі әрекеттерін "мемлекеттік төңкеріс деп санамайтыны" туралы бірнеше рет мәлімдеген.

Зимбабве соты сонымен бірге Мугабенің Эммерсон Мнангагваны вице-президент қызметінен алуы - заңсыз деп тапқан. Бұл туралы Associated Press хабарлады. Әскерилердің Мугабені биліктен тайдыруына да Мнангагваны вице-президенттіктен алып тастауы себеп болған еді. Шетелге кетіп қалған ол әскерилер билікті басып алған соң елге оралған.

Зимбабвені 40 жылға жуық басқарған Роберт Мугабе осы аптада отставкаға кететіні туралы жариялағаннан кейін, қарашаның 24-і күні Харареде Эммерсон Мнангагва Зимбабвенің жаңа президенті ретінде ант берген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Зимбабведе жаңа президент ант берді

Роберт Мугабенің билігі тұсында саяси бәсекелестерін қуғын-сүргінге салғаны үшін АҚШ санкция жариялаған тізімде Эммерсон Мнангагва да бар.

Зимбабведе сенбі күні сот елдің бұрынғы экономика министрі Игнасиус Чомбоның ісін қарай бастады. Оған коррупциялық қылмыс айыбы тағылған. Оның адвокаты бір апта бойы әскерилер тұтқыны болған кезде соққыға жығылған Чомбоның осының қарсаңында түрлі жарақатымен ауруханаға жеткізілгені туралы мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG