Accessibility links

Зимбабведе жаңа президент ант берді


Зимбабвенің жаңа президенті Эммерсон Мнангагва ант беріп тұр. Хараре, 24 қараша 2017 жыл.
Зимбабвенің жаңа президенті Эммерсон Мнангагва ант беріп тұр. Хараре, 24 қараша 2017 жыл.

Зимбабведе жұма күні Эммерсон Мнангагваны ұлықтау рәсімі өтті. Ол 37 жыл ел басқарған Роберт Мугабе әскери төңкерістен кейін биліктен кеткен соң уақытша президент қызметіне кірісті.

Қарашаның 24-і күні Зимбабвенің бұрынғы вице-президенті Эммерсон Мнангагва елдің уақытша басшысы ретінде ант берді. Ол 2018 жылғы тамызға белгіленген Зимбабве президентінің кезектен тыс сайлауы өтіп, жаңа президент билікке келгенге дейін елді басқармақ. Мнангагваны бұл қызметке биліктегі "Зимбабвенің африкалық ұлттық одағы – Патриоттық майдан" партиясы ұсынған.

ЖАҢА БАСШЫНЫ ҰЛЫҚТАУ

Зимбабведе соңғы 37 жыл үздіксіз билік басында отырған, осыдан бір жарым апта бұрын әскерилер төңкеріс жасап, биліктен шеттеткен 93 жастағы Роберт Мугабенің жұмаға белгіленген Мнангагваны ұлықтау рәсіміне қатыспайтыны хабарланды.

​Зимбабвенің бұрынғы премьер-министрі Морган Цвангираи басқаратын оппозициялық "Демократиялық өзгерістер үшін қозғалыс" (MDC-T) партиясын Мнангагваның ант беру рәсіміне шақырмаған. Бұл туралы бейсенбіде Associated Press агенттігіне осы партияның баспасөз хатшысы Оберт Гуру хабарлаған. Оппозициялық партияның өкілдері Мнангаваның өзге саяси күштермен бірлесіп жұмыс істеуге қатысты пікірін білгілері келетінін айтады.

Ұзақ уақыт бойы Мугабенің сенімді серігі болған Эммерсон Мнангагва 1980 жылдардың ортасында Зимбабвенің ішкі қауіпсіздігіне жауапты болған. Құқық қорғаушылардың мәліметі бойынша, ол кезде Зимбабведе қуғын-сүргінге ұшырап, 20 мыңға тарта адам қаза тапқан.​

Бұған дейін Зимбабве қарулы күштерінің өкілі Оверсон Магвиси жергілікті телеарнадан елдің бұрынғы президенті Роберт Мугабеге биліктен кеткен соң әйелі екеуіне қарсы қылмыстық қудалау болмайтыны және жеке бас қауіпсіздігіне кепілдік берілгені туралы мәлімдеген. Зимбабвені соңғы 37 жыл бойы басқарған Мугабеге ел аумағында қалуға рұқсат берілген.

Қарашаның 6-сы күні Роберт Мугабе әйелі Грейс Мугабенің президенттікке мұрагер болуына жол ашу үшін Эммерсон Мнангагваны вице-президент қызметінен босатқан. Жеке басының қауіпсіздігіне алаңдаған Мнангагва елден қашып кеткен. Осыдан кейін көп ұзамай Зимбабве әскерилері төңкеріс жасап, Мугабе әйелімен бірге бірнеше күн бойы Хараредегі "Көгілдір шатыр" резиденциясында үйқамақта болды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Зимбабведе - төңкеріс, Мугабе - "қамауда"

Әуелгіде Мугабе президенттіктен өз еркімен отставкаға кету туралы ұсынысқа көнбей, бірнеше күн қасарысып бақты. Өзі басқаратын биліктегі "Зимбабвенің африкалық ұлттық одағы – Патриоттық майдан" партиясы оны ұйым басшылығынан алып, одан соң парламент импичмент жариялау процесін қозғағаннан кейін Роберт Мугабенің биліктен кетуге келісім бергені хабарланды. Бұл хабарды естіген сәтте Зимбабве жұртшылығы көшеде билеп, ән салып, тойлауға кірісті.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Мугабенің "биліктен біржола кеткені" хабарланды

БАСПАСӨЗДЕГІ ТЫҢ ЖАҢАЛЫҚ

Зимбабвені қырық жылға жуық басқарған адамды биліктен тайдырған әскери төңкеріске өзгелерден гөрі әсіресе жергілікті баспасөз құралдары қатты қуанды. Осыдан бірнеше апта бұрын ғана Роберт Мугабе билігінің бақылауында болған баспасөз құралдары енді президентті оставкаға кетірген әскерилердің жеңісі туралы жарыса жазып жатыр. Елдегі басты оқиға жайлы мақалаларға басылымдардың қойған тақырыптары да бірінен бірі өтеді.

Роберт Мугабені әскерилер биліктен ығыстырғаны туралы хабарға шаттанып жатқан адамдар. Хараре, 18 қараша 2017 жыл.
Роберт Мугабені әскерилер биліктен ығыстырғаны туралы хабарға шаттанып жатқан адамдар. Хараре, 18 қараша 2017 жыл.

Басылымдармен бірге ондай тақырыптарды мерзімді баспасөз өнімдері сатылатын жерге жапсырылған үнпарақтардан да көруге болады. Газет сатушылары осылайша жаңадан жарияланған жарияланымдарға жұртшылықтың назарын аударуға тырысады.

Телеарнадан тараған бейнекөріністерде жаңалыққа жаны құмар тұрғындардың көшеде жерге жайып, тас-темірмен бастырып қойған газеттерге үңіліп, ондағы материалдарды оқу үшін жиналып тұрғаны байқалады. Ұзақ жылдар бойы Мугабенің атына кілең мақтау айтып келген басылымдарда енді ол туралы мүлде басқаша, тың деректер жарияланып жатыр.​

КӨШЕ САУДАГЕРЛЕРІНІҢ ҚУАНЫШЫ

Елде болып жатқан өзгерістерге газет-журнал таратушылар мен көшеде саудамен айналысатын адамдар да қуанышты. Мерзімді баспасөз өнімдерінен басқа олар азық-түлік, ескі аяқ киім, кітаптар, жанармай тәрізді көптеген басқа да тауар сатумен нәпақа табады. Жұмыссыздық көрсеткіші 85 пайыз деп саналатын елде сауда-саттықтың мұндай түрімен жан бағатындар саны аз емес. Президент Мугабе көшедегі бей-берекет саудаға қарсы болатын. Ол ара-тұра көше саудасына қарсы күрес жариялайтын. Ел астанасы Хараре қаласында көше саудасына қарсы күрес шарасы соңғы рет әскери төңкеріс болардан екі апта бұрын өткізілген.

Көше саудагерлері төңкеріс кезінде әскерилерге қолдау танытқан.

"Мен дүниеге келгеннен бастап елде тек бір-ақ президент болды. Оған биліктен бас тарту қиын екенін білемін", – дейді көшеде жанармай сатып тұрған Зиванаи Мувирими.

Хараре көшесіндегі саудагер. Зимбабве, қазан, 2017 жыл.
Хараре көшесіндегі саудагер. Зимбабве, қазан, 2017 жыл.

"Жұрттың бәрі Мугабе мүлде қартайды дейді. Оның билікте отырғанына да өте көп уақыт болды, - дейді кітап сатушы Эдиус Фири.

"Басында қорқынышты болды, бірақ қазір бәрі қалыпты, шаруамыз да әдеттегідей, – дейді көше саудагерлері. – Тауарымызды емін-еркін сата аламыз, сол үшін армияға ризамыз. Әркімнің бизнесін қалауынша жүргізуге құқығы болуы керек. Бұл тұрғыда бізге әскерилердің көмегі болды".

Зимбабвені Ұлыбританиядан тәуелсіздік алған 1980 жылдан бері басқарған марксшіл Роберт Мугабенің тұсында ел экономикасы құлдырап, ұлттық валюта қатты құнсызданып, халықтың әлеуметтік әл-ауқаты нашарлаған. Билік азаматтық белсенділер мен оппозиция жетекшілеріне қысым көрсетіп келген.

Роберт Мугабе әлем бойынша "ең жасы үлкен" президент болатын. Ол ең ұзақ билік құрып отырған саяси жетекшілер тізімінде үшінші орында тұрған. Бұл тізімді Камерун президенті Пол Бийя (де-факто билік мерзімі - 41 жыл) бастап тұр. Екінші орындағы Экваторлық Гвинея президенті Теодоро Обианг Нгема Мбасого да 37 жылдан астам уақыт билікте отыр. Одан кейінгі ең ұзақ билеушілер - Иранның рухани жетекшісі аятолла Әли Хаменеи мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

XS
SM
MD
LG