Accessibility links

СҚО Қытайдың Хубэй провинциясымен байланысты нығайтпақ


Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов (сол жақта) пен Қытайдың Хубэй провинциясының губернаторы Ван Сяодун. Хубэй провинциясы, 24 қараша 2017 жыл.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов (сол жақта) пен Қытайдың Хубэй провинциясының губернаторы Ван Сяодун. Хубэй провинциясы, 24 қараша 2017 жыл.

Қытайда Солтүстік Қазақстан облысының (СҚО) кеңсесі ашылады. Кеңсе арқылы Қытай мен Солтүстік Қазақстан облысы арасында өзара ынтымақтастық мәселелерін шұғыл шешуге болады. Бұл жайында СҚО әкімі Құмар Ақсақаловтың Қытайда инвесторлармен жүргізген келіссөзі барысында мәлім болды. Құмар Ақсақалов Қытайдың 61 миллион халқы бар Хубэй провинциясында жұмыс сапарымен болып, жергілікті компаниялардың басшыларымен кездесті. Өңір басшысы қытайлықтарды СҚО-ның инвестициялық мүмкіншіліктерімен таныстырып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін СҚО шақырды.

«Біздің облыс бірнеше бағыт бойынша экономикалық ынтымақтастықты ұсына алады. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, өнеркісіп, инновация, сауда салаларында жұмыс істеуге болады. Инвестициялық жобаларға мемлекеттің есебінен өндірістік инфрақұрылым тартылады. Әр жобаны жеке-жеке қарастырамыз" деді Құмар Ақсақалов.

Кездесуде СҚО-ға инвестиция құюға ниет білдірген Пекин қаласы, Шаньдун, Хэнань, Цзянсу, Шэнси провинцияларының кәсіпкерлері, азық-түлік өнімдерін импортқа шығаратын ірі сауда желілерінің өкілдері де қатысты. Кездесу барысында Хубэй провинциясының губернаторы Ван Сяодун Солтүстік Қазақстан облысымен жұмыс жасауға дайын екенін жеткізді.

"СҚО-мен ынтымақтастықты одан әрі дамытуда үлкен қадам жасап отырмыз. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, инфрақұрылым құрылысы, машина жасау, қайта өңдеу және туризм бағытында іскерлік ынтымақтастығымызды одан әрі тереңдете түсеміз. Кәсіпорындар мен бизнес өкілдеріне байланысты нығайту үшін барлығын жасаймыз" деді Ван Сяодун.

Кездесу барысында Құмар Ақсақалов жақсы дамыған өндірістік база, ғылым мен білімі ілгері кеткен Хубэй провинциясы мен ресурстары бай әрі дамыған ауыл шаруашығы бар СҚО бір-бірін толықтырып тұрғанын айтты. Құмар Ақсақалов жұмыс сапары барысында автомобиль жасаумен айналысатын ірі "Dongfeng Motor Corporation" зауытымен де танысты. Кездесу соңында СҚО әкімдігі мен Хубэй провинциясының халық үкіметі арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.

XS
SM
MD
LG