Accessibility links

Кремль: Қадыров Шешенстан басшысы болып қала береді


Рамзан Қадыров, Шешенстан басшысы.
Рамзан Қадыров, Шешенстан басшысы.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың өз қызметін атқара беретінін мәлімдеді. 41 жастағы Қадыров 26 қарашада мемлекеттік "Россия 1" телеарнасына берген сұхбатында қызметінен кететін уақыт таяғанын айтқан.

Қадыров Кремль өзінің орнына қоятын адамды таңдауы керегін, егер қажет болса өзін "алмастыра алатын" бірнеше кандидатты ұсына алатынын айтқан.

Бірақ Дмитрий Песков 27 қарашада журналистерге Қадыров Ресей президенті Владимир Путинге адал болып қала беретінін және оның "ел президенті ұсынған кез-келген қызметті атқаратынын" айтты.

"Ол басқаша ешнәрсе деген жоқ. Біз осы тұрғыдан айтып отырмыз. Ол республиканың басшысы болып қала береді" деді Песков.

"Россия 1" телеарнасына "Халық мен сияқты күресіп, тәртіп орнататын адамды қажет ететін уақыт болған. Ал қазір тәртіп орнады" деген Қадыров президенттіктен кетуді "армандайтынын" айтқан.

Путин Қадыровты 2007 жылдың ақпанында Шешенстан республикасының басшысы етіп тағайындаған. Оның тағайындауын 2011 жылы наурызда Шешенстан парламенті мақұлдап, ол 2016 жылы қыркүйекте тағы бес жылға қайта сайланған.

Құқық қорғау ұйымдары мен Шешенстан билігін сынайтындар Қадыров пен оның жартылай әскери күштері адамдарды ұрлайды, азаптайды және сотсыз өлтіре салады деп айыптайды. Қадыров Шешенстан билігінің гомосексуалистерді қатаң түрде қудалағаны үшін таяуда халықаралық қауымдастықтың айыптауына ұшыраған. Қадыров республикада гейлердің "ешқашан қудаланбағанын" айтып, "адам құқықтарын бұзды" деген айыпты жоққа шығарады.

XS
SM
MD
LG