Accessibility links

Литва өз "Магнитский актісін" бекітті


Литва президенті Даля Грибаускайте.
Литва президенті Даля Грибаускайте.

Литва президенті Даля Грибаускайте "Магнитский актісіне" ұқсас өз елінің заңына қол қойды. Бұл туралы президенттің ресми сайты хабарлады.

Заң келесі жылдан бастап "адам құқығын бұзды", "коррупциялық қылмыс жасады" немесе "қаржы жымқырды" деген күдікке ілінген шетелдіктердің Литваға кіруіне бес жылға тыйым салады. Елге кіргізілмейтін тұлғалардың тізімін Литваның Ішкі істер министрлігі жасайды. "Қара тізімге" ілінгені жайлы шетелдіктерге алдын ала хабарланбайды.

Қарашаның 16-сы Литва парламенті заң жобасын бірауыздан мақұлдап жіберген еді. Бұдан кейін Ресейдің Литвадағы елшілігі заңның қабылдануын "қастық әрекет" деп бағалап, оған "жауап шаралары жасалатынын" ескерткен.

Өткен аптада Литва депутаттары бұл тізімге енгізген дұрыс деп, 44 адамға байланысты резолюция қабылдаған. Құжатта негізінен Ресей азаматтарының есімдері жазылған. Олардың ішінде Ресейдің тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкин де бар.

Алғашқы "Магнитский актісін" АҚШ Конгресі 2012 жылдың соңында қабылдаған. Бұған ұқсас заң Ұлыбританияда да бар. "Магнитский актісі" 2009 жылы Мәскеу абақтысында қаза тапқан Hermitage Capital қорының заңгері Сергей Магнитскийдің құрметіне осылай аталып кеткен. Ол Ресей бюджетінен ірі көлемде қаржы жымқыру айла-шарғысын әшкерелеген. АҚШ Конгресі қабылдап, кейін кеңейтілген заң бойынша Вашингтон "адам құқығын бұзуға қатысы бар" деп білетін ресейліктерге экономикалық санкциялар салу және виза бермеу қарастырылған.

16 қарашада Сергей Магнитскийдің қаза тапқанына сегіз жыл толды. АҚШ үкіметі осыған байланысты мәлімдеме таратып, Вашингтонның "Магнитский актісін" орындауды жалғастыра беретінін хабарлады.

XS
SM
MD
LG