Accessibility links

Францияда "мемлекеттің қоғамға қызмет етуі" туралы заң ұсынылды


Эдуард Филипп, Франция премьер-министрі.
Эдуард Филипп, Франция премьер-министрі.

Елисей сарайында 27 қарашада "Мемлекеттің қоғамға сенімі негізінде қызмет етуі туралы" заң жобасы таныстырылды. Заң Франция азаматтарына мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынасында "қателесу құқығын" береді және өзара қарым-қатынасты жеңілдетеді.

Заң жобасын бюджет министрі Жеральд Дарманен мен премьер-министр Эдуард Филипп таныстырды. Үкімет басшысы француз әкімшілік аппаратының "екі кемшілігі" барын - тексеруге құмарлығын және бюрократиялық процедуралардың күрделі екенін айтты.

"Біздің мақсатымыз - жұмыс істеу принциптерін мүлдем өзгерту. Шенеуніктердің қадағалау және жазалау керек дегенге құрылған ойлау жүйесіне азаматтарға сенім білдіру принципін де қосу керек" деді премьер-министр.

Үкімет басшысы Франция тұрғындары енді шенеуніктерден қорықпауы тиіс деп біледі. Яғни, азаматтар мен бизнес өкілдеріне "қателесу құқығы" берілуі керек. Заң бойынша, егер салық төлеуші салық декларациясында әлдебір табысын байқамай шатастырып алғанын айтса, ол жазадан босатылады. Ол декларация тапсыру мерзімін созғаны үшін айыппұл төлейді, бірақ айыппұл көлемі кәдімгідей азайтылмақ.

"Қателесу құқығы" денсаулық сақтау, қоғамдық және жеке қауіпсіздікті сақтау, қоршаған ортаны қорғау салаларында қолданылмайды.Сонымен қатар халықаралық құқықтың француз заңдарынан басымдығына қатысты кейбір жағдайларда да "қателесу құқығы" әрекет етпейді.

Заң парламенттің қарауына 2018 жылдың басында түседі.

XS
SM
MD
LG