Accessibility links

Мәжіліс жер туралы заң жобасын алғашқы оқылымда мақұлдады


Асқар Мырзахметов, премьер-министрдің орынбасары, ауыл шаруашылығы министрі.
Асқар Мырзахметов, премьер-министрдің орынбасары, ауыл шаруашылығы министрі.

"Парламент мәжілісі сәрсенбіде "Қазақстан Республикасының жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша кейбір заң актілеріне түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын алғашқы оқылымда талқылап, мақұлдады" деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Заң жобасын таныстырған премьер-министрдің орынбасары - ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтің айтуынша, жобада ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануды қадағалау шаралары, шекара сызығында орналасқан жерлерді беруге және шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетел азаматымен немесе азаматтығы жоқ адаммен некеге тұрған Қазақстан азаматына, шетелдік заңды тұлғаларға және құрамында шетел азаматы бар қазақстандық заңды тұлғаларға жер беруге тыйым салу қарастырылған.

Министрдің айтуына қарағанда, мемлекеттік шекара сызығы бойында орналасқан ауыл шаруашылығы жерлері пайдалануға да, жеке меншікке де берілмейді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану туралы міндеттеменің орындалуын қадағалау үшін жерді жалға алу келісімінің типтік формасы жасалмақ.

Заң жобасында ауыл шаруашылығы жерлерін конкурс бойынша жалға берудің ережелері де қарастырылған. Ол бойынша, әкімдік жалға беріледі деген ауыл шаруашылығы жерлерін конкурсқа қоғамдық кеңес пен үкіметтік емес ұйымдардың келісімі бойынша шығарады.

Мырзахметовтің сөзінше, заң жобасы қабылданса, конкурсты ашық өткізу үшін конкурстық комиссия құрамының кем дегенде 50 пайызы қоғамдық кеңес пен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінен құралады.

Бұған қоса, жобада ауыл шаруашылығы жерлерінің тұтастай бір адамның қолына өтіп кетпеуін болдырмау шаралары да қарастырылған.

Қазақстанның жер туралы заңына 2015 жылы күзде ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен өзгерістер енгізілген еді. Ол өзгерістер 2016 жылы көктемде Қазақстан қоғамында резонанс тудырған "жер митингілеріне" түрткі болды. Алғашқы "жер митингісі" 2016 жылы сәуірдің 24-і күні Атыраудағы Исатай-Махамбет алаңында өтті. Акцияға қатысушылар заңдағы шетелдіктерге ауыл шаруашылығы жерін жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзарту және құрамында шетелдіктер бар серіктестіктерге сату туралы баптарға қарсылық білдіріп Назарбаевқа үндеу жолдады. Бұдан соң бірнеше қалада "жер дауына" қатысты наразылық акциялары өтті. Осыдан кейін президент Назарбаев әлгі заңның даулы баптарына бес жылға мораторий жариялап, заңды талқылау үшін қоғамдық жер комиссиясын құрған.

XS
SM
MD
LG