Accessibility links

Атыраудағы жер митингісінен кейінгі бір жыл


Митингіде жер сатпауға үндеп тұрған азамат. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.
Митингіде жер сатпауға үндеп тұрған азамат. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Сарапшылар Атыраудағы стихиялы түрде өткен жаппай митингіден кейін Қазақстанда бір жыл ішінде болған өзгерістерді әрқилы бағалайды. Біреулер биліктің озбырлығы күшейгені бір жылда анық байқалды десе, енді біреулер әлгі оқиғалардың жауапкершілігін аймақ басшыларына артады. Үшінші біреулер азаматтық саналылыққа шақырады.

МИТИНГІДЕН КЕЙІНГІ БІР ЖЫЛДЫҢ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ

2016 жылы сәуірдің 24-і күні Атырауда ауыл шаруашылығына арналған жерлерді шетелдіктермен бірлескен компанияларға жеке меншікке сату немесе 25 жылға жалға беру мүмкіндігі қарастырылған жер кодексіне өзгерістер енгізуге қарсы жаппай митинг болған еді. Кейін азаматтық белсенділер мамырдың 21-інде аймақтарда осындай митинг өткізуге дайындала бастаған. Билік олардың әрекетін күшпен басып тастады.

ВИДЕО: Атыраудағы «жер сатуға қарсылық» жиыны (24 сәуір 2016 жыл)

Атыраудағы «жер сатуға қарсылық» жиыны
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:26 0:00

Көптеген белсенді ұсталып, әкімшілік сотқа тартылды. Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың «қудаланбайды» деген уәдесіне қарамастан, Атыраудағы митингіні ұйымдастырушылар Макс Боқаев пен Талғат Аян екеуін қылмыс жасады деген айыппен көп жылға сотталды. Олар өздеріне тағылған айыптарды «саяси астары бар» деп мойындамайды.

Сол кезден бері Қазақстанда мұндай жаппай митингілер өткен жоқ. Бірақ репрессиялық шаралармен қатар, билік ымыраға келіп, жер реформасын кейінге қалдырды. Алайда митинг өткізу әрекеттері үшін сот арқылы қудалау қаупі сейілген жоқ. Енді алаңдар емес, әлеуметтік желілер «шайқас алаңына»айналды. Әлеуметтік желілерде жұртты наразылық акцияларына шақырған белсенділерді тұрғылықты жерінен ұстап әкете бастады.

Былтыр жазда, яғни маусымның 5-інде Ақтөбеде және шілденің 18-інде Алматыда аяқ астынан қарулы шабуылдар басталды. Қанды шабуылдардан кейін «дәстүрлі емес» діни ұйымдардың өкілдерін қамау жиіледі; конституцияға терроризмге қатысқаны үшін азаматтықтан айыру мүмкіндігі туралы түзету енгізілді. Жуырда билік «қоғамдық сананы жаңғырту» жоспарын жариялады.

Биылғы жылдың басында санаулы тәуелсіз басылымдардың бірі «Саяси калам. Трибуна» газетінің редакторы Жанболат Мамай тұтқындалды. Ол «саяси астары бар» деген уәжбен тағылған айыптарды мойындамайды.

Өткен 12 ай ішінде жұртты интернеттегі ұнамсыз постары үшін ғана емес, ас бөлмесінде айтылған, мысалы дін туралы әңгімелері үшін де қудалай бастады.

Биылғы көктемде бірқатар аймақта көп адамды баспанасынан, мал-мүлкінен айырған су тасқыны билік үшін күтпеген апатқа айналды. Тасқыннан зардап шеккендердің кейбірі «апат ауқымы жайлы үндемеуге мәжбүрлеп жатыр, бірақ тым көп шығынға баттық, оны қалай айтпаймыз» деп мәлімдейді.

ҚЫСЫМДЫ КҮШЕЙТУ

Оппозициялық саясаткер Серікболсын Әбділдиннің пікірінше, аталған фактілер - діни идеология, азаматтық қоғам құру және қаржы-экономикалық салада ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған саясат дағдарысының дәлелі. Сот шешімімен жабылған оппозициялық коммунистік партияның бұрынғы жетекшісі, экономика ғылымы докторы Әбділдин Азаттықпен әңгімесінде «ол саяси оппозицияның түбіне жетті, кейін Макс Боқаев пен Талғат Аян сияқты азаматтық белсенділерге, Жанболат Мамай сияқты принципшіл журналистерге қарсы репрессия ұйымдастырды, әлеуметтік желілерді полицияға тіміскілетіп қойды, ал енді сақал қойған жігіттер мен қара түсті киім киген әйелдерді заңмен қорқытуға мәжбүр» деп мәлімдейді.

- Негізі, мемлекетте күні ертең заңды негізде өзі билікке айнала алатын іс жүзіндегі оппозиция болуы тиіс, - дейді оппозициялық саясаткер.

Оның сөзінше, өзге кемшіліктерімен қоса, қазіргі биліктің білімі де таяз, президент Назарбаев билікке енді келген кезде елге түрлі исламдық ағымдардың «ағылуы үшін қақпа» ашық болды, ал енді билік «өзге жағынан шектен шығып» сақалды күзейміз деп сес көрсетеді. Әбділдинбөгеттер мен шлюздерге қатысты «дәстүрлі проблеманың» кесірінен елдің көптеген аймағын су басып жатқанына да президент Назарбаевты жауапты санайды.

Астанада өтетін EXPO көрмесінің Атырау облысындағы жарнамасы.
Астанада өтетін EXPO көрмесінің Атырау облысындағы жарнамасы.

- Ел астанасын Астанаға көшіру - президент Назарбаевтың біліксіздігінің айқын мысалы. Экспо-2017 көрмесін өткізу идеясы - оның біліксіздігінің апофеозы, - дейді Әбділдин.

Құқық қорғаушы әрі журналист Сергей Дувановтың пікірі де осыған саяды. Бірақ ол президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әрекеттерін өз билігін сақтап қалу үшін ең әуелі оппозиция мен кез келген өзгеше ойлауды мүлде жоюға бағытталған «озбырлық» деп атайды. Былтыр Макс Боқаев пен Талғат Аянға, ал кейін өзге азаматтық белсенділерге қатысты қолданылған қатал шараларды Дуванов дәл осы «озбырлықпен» байланыстыра түсіндіреді.

- Қазақстанда оппозиция дейтіндей ешкім қалған жоқ, оны түп-тамырымен жойды. Диссиденттік институты ғана қалды. Қазір жұрт билікке деген наразылығын көбінесе әлеуметтік желілер арқылы білдіреді, - дейді Сергей Дуванов.

Бұрынғы оппозициялық Қазақстан республикалық халық партиясы (ҚРХП) ардагерлерінің бірі Бақытжан Төреғожина 1980 жылдардың аяғында бір адамның билікте ұзақ отыруына жол беруге болмайтынын айтқан президент Нұрсұлтан Назарбаев енді бұл жағынан өзі керісінше әрекет етіп отыр деп мәлімдейді. Төреғожинаның сөзінше, қазір Назарбаев бір нәрсені - билігін сақтап қалу қамын ғана күйттейді, сондықтан оның сөзінше, «ол жыл өткен сайын жақсармайды», «мұны әсіресе Атыраудағы былтырғы митингіден кейін бүкіл бағытта қысымның күшейгені растайды».

Азаматтық белсенді Талғат Аян мен Макс Боқаевтың (сол жақта) сот үкімі оқылған күнгі түсірілген суреттері. Атырау, 28 қараша 2016 жыл.
Азаматтық белсенді Талғат Аян мен Макс Боқаевтың (сол жақта) сот үкімі оқылған күнгі түсірілген суреттері. Атырау, 28 қараша 2016 жыл.

«Тең құқылы журналистер федерациясы» баспасөзді қорғау ұйымы жетекшісі Розлана Таукинаның айтуынша, Атыраудағы былтырғы митингіден кейін билік ұнамсыз ақпарат жариялауға еркі жеткен санаулы БАҚ-ты жоюға ғана тырысып қоймай, кей блогерлерді де қудалап отыр. Ол ақпаннан бері Алматыдағы тергеу абақтысында қамауда отырған «Саяси қалам. Трибуна» газетінің редакторы Жанболат Мамайды және Қазақстанда түрмеге қамалу қаупімен Украинаға қашуға мәжбүр болған азаматтық белсенді Ермек Нарымбаев пен журналист Жанар Ахметті мысалға келтіреді.

- Мұндайға кез келген азамат тап болуы мүмкін. Қазір қоғамда еңсені басатын цензура үстем болып тұр, - дейді Розлана Таукина.

ӘКІМДЕРДІ «ЖАУАПТАУҒА» ҮЙРЕТПЕК

Атыраудағы митингіден кейінгі бір жыл ішінде болған өзгерістерді саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов мүлде өзге тұрғыдан бағалайды. Оның сөзінше, билік жоспарланған жер реформасына қарсы наразылықтың тезисін ескеріп, «лайықты» шешім қабылдаған, яғни жер реформасы кейінге қалды.

Нұрмұхамедовтің сөзінше, Атыраудағы митингіні ұйымдастыру мен одан кейін азаматтық белсенділердің жер реформасына қарсы наразылық митингілерін өткізу жоспарлары кезінде жаңа технологиялар пайдаланылған, бірақ билік әлгі жаңа қатерлерді сәтті еңсеріп, оқиғаның «араб көктемінің» қайғылы сценарийі бойынша өрбуіне жол бермеген.

Бірақ Нұрмұхамедовтің сөзінше, елде кейінгі кезде ушығып тұрған бірқатар әлеуметтік проблемалар әлі шешілген жоқ.

- Бұл бағаның жаппай қымбаттауы, әсіресе қуат ресурстарының қымбаттауы. Екіншіден біз қазір су тасқыны болып жатқан облыстардағы жағдайды көріп отырмыз. Жергілікті кей биліктің қолында оған тиімді қарсы тұруға жеткілікті ресурс жоқ. Сондықтан біздің билік негізгі міндеттерді, экономикалық және әлеуметтік даму басымдықтарын қаншалықты дұрыс түсінеді деген мәселе туды, - дейді саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов.

Мәжілістің бұрынғы депутаты Айгүл Соловьеваның мәлімдеуінше, билік ертеректе стратегиялық міндеттерді дереу шешу қажет болған кезде, оның ішінде былтырғы наразылық акциялары кезінде биліктің президенттің қолында шоғырланғанын епті пайдаланған. Оның сөзінше, қазір билікті орталықсыздандыру, оның ішінде өздеріне берілген құқықтарын тиімді пайдалана алмай отырған жергілікті билікке беру процесі жүріп жатыр. Депутат мұның себебі аймақ басшыларының жауапкершілігін күшейту деп біледі, өйткені оның сөзінше, құқық пен жауапкершілік - өзара шарттас ұғымдар.

Ақтөбенің су алған көшесі. 18 сәуір 2017 жыл.
Ақтөбенің су алған көшесі. 18 сәуір 2017 жыл.

- Олар халық алдында есеп беруге тиіс болғанымен, халық алдында жауап бермейді. Әкімдер әдетте халыққа формалды есеп бере салады. Олардың көбі көңіл-күйді көтеретін баяндама-есептерімен ел басшылығын «тербетуге» әдеттенген, ал түбінде бұл үлкен зардаптарға ұласуы мүмкін, - дейді ол.

Ол аймақ басшыларының халық алдында жауап бермеу себебін олардың сайланбай, тағайындалуымен байланыстырады. Соловьеваның айтуынша, бұл жергілікті өзін өзі басқаруға дәл қазір толық көшу қажет деген сөз емес. Оның сөзінше, ауыл әкімін өзі сайлаған халық шешілмей қалған мәселелер үшінодан жауап талап етпей, оған әлі күнге дейін жоғарыдан тағайындалған бастық сияқты қарайтынын ауылдық округтер деңгейіндегі жергілікті өзін өзі басқару тәжірибесі көрсетеді. Сондықтан Айгүл Соловьева халықтың азаматтық саналылығы мен жауапкершілігі мәселесін қозғайды.

- Бұл екі жаққа да жүруге болатын жол сияқты. Сондықтан мен кесімді тұжырым жасап, яғни биліктен ғана талап ету керек дей алмаймын. Әкімнен қалай талап етуді дұрыс білу үшін қоғам да пісіп-жетілуі тиіс. Жұрт енжар болмай белсенді әрі саналы азаматтарға айналуы тиіс. Бірақ билік те халықтың сеніміне ие болуы тиіс,- дейді парламент депутаты.

Жуырда парламентте ауыл шаруашылығына арналған жерлерді ел азаматтарына жалға беру институтын жетілдіруді жоспарлайтын жер қатынастары туралы заңдарға енгізілетін түзетулер жобасын таныстырған еді. Бір жыл бұрын жер реформасын сынағандардың мәлімдеуінше, заң жобасында шекара бойындағы аймақ жерлерін шетелдіктерге беруге тыйым салынған, бірақ оларға елдің өзге аймағынан жер берілмейді деген кепілдік жоқ.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG