Accessibility links

АҚШ Ресейді "шетел агенті" - БАҚ заңын қолданбауға шақырды


Хизер Нойерт, АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі.
Хизер Нойерт, АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі.

АҚШ Ресейді БАҚ - "шетел агенті" туралы заңды бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі мен өз ойын білдіру еркіндігін шектеу үшін қолданбауға шақырды. Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Хизер Нойерттің мәлімдемесінде айтылады.

Ресей парламенті мақұлдап, президент Владимир Путин қол қойған заң биліктің шетелден қаржы алатын БАҚ-ты "шетел агенті" деп тіркеп, оларға қарсы шектеу шараларын қолдануына мүмкіндік береді. "Өз ойын білдіру еркіндігі, оның ішінде БАҚ пен сөз бостандығы - Ресей сақтауға міндеттеме алған адам құқықтарының негізін құрайтындардың бірі" делінген Мемлекеттік департамент мәлімдемесінде.

АҚШ бұған дейін Ресейдің "үкіметтік емес ұйымдарды тексеру және сотпен қудалауды ақтайтын" шетел агенті туралы заңын қауіп төндіреді деп сынаған. "Шетел агенті туралы заңды БАҚ-қа қолдану Ресейдегі сөз бостандығы мен баспасөз тәуелсіздігін одан ары тұншықтыра түсетін ауыр талаптар қоя бастайды" делінген департамент мәлімдемесінде.

Департамент Ресей билігінің БАҚ-қа қатысты жаңа заңды АҚШ-тың "шетел агенті" туралы заңына жауап ретінде көрсету әрекетін "екіжүзділік және жөнсіз" деп атайды. Мемлекеттік департамент америкалық заң БАҚ жұмысы мен сөз бостандығын шектемейтінін айтады.

Заңға 26 қарашада Путин қол қойған. Мұның алдында бір апта ішінде оны Ресей Мемлекеттік думасы мен Федерация кеңесі мақұлдаған.

ОҚЫҢЫЗ: Шетелдік БАҚ-тан "агент" көретін заң күшіне енді

Ілгеріде Ресей әділет министрлігі Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиа-корпорациясының жобалары «Свобода» радиосы мен "Настоящее время" телеканалдарына жұмысы шектелуі мүмкін екенін хабарлаған. Мұндай хатты корпорацияның Ресейдегі "Idel.Реалии" және "Сибирь.Реалии" жобалары да алған. Әділет министрлігінің хатында заңға өзгертулер енгізілгеннен кейін қандай шаралар қабылданатыны нақты көрсетілмеген.

Заңға қол қойылғаннан кейін жариялаған мәлімдемесінде АҚШ сыртқа хабар тарату кеңесінің басшысы Джон Лэнсинг Америка медиа-компаниялары Америка заңында бекітілгендей халықаралық аудиторияға, соның ішінде Ресейге де анық, объективті және толық ақпарат беретін өзінің миссиясына адал болып қалатынын жариялаған.

Ал Азат Еуропа/Азаттық радиосы корпорациясының президенті Том Кент сенбі күні корпорацияның Ресейдегі жобалары қандай шектеулерге ұшырайтыны туралы нақты ақпарат алмайынша, жаңа заңның тиімділігін бағалау мүмкін емес екенін мәлімдеген.

"Біз өзіміздің орыстілді аудиторияға нақты және объективті ақпарат берудегі журналистік жұмысымызды жалғастыра береміз" делінген Том Кенттің мәлімдемесінде.

XS
SM
MD
LG