Accessibility links

Парламент мәжілісінің депутаты, мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев бейсенбіде Астанада исламдағы салафилік ағымның Қазақстанға "жат бағыт" екенін мәлімдеді.

"Жастарға салафиліктің біздің жолымыз емесін, ата-бабаларымыздың жолы болмағанын және экстремистер, радикалдар насихаттайтын идеялардың біздің ұлттық кодымызға сәйкеспейтінін ұқтыруымыз керек" деді Әшімбаев Астанада өтіп жатқан дінтанушылардың жетінші форумында.

Ол биыл желтоқсанда Қазақстан парламентіне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері туралы заңға өзгерістер мен түзетулер енгізу жөніндегі заң жобасы түсетінін айтты. Жобада билік "балаларды ата-анасының рұқсатынсыз діни іс-әрекетке араластырудың жауапкершілігін" реттеп, жазасын күшейткісі келеді. Әшімбаевтің сөзінше, қазақстандықтардың "шетелде күдікті діни ұйымдарда" білім алуы мәселесіне жіті бақылау жасау керек. Ол мұндай оқу орындарын бітіргендер елге "әлде бір экстремистік, радикалдық идеологияны сіңіріп қайтатынын" айтады.

"Шын мәнінде, Қазақстандағы салафилік және басқа да радикалдық ұйымдар ішкі себептен пайда болған жоқ. Олар бізге сырттан радикалдық идеяны таңғысы келгені себебінен пайда болған. Бұл ұйымдар Қазақстанның деструктивті іс-қимылдардың белсенді болғанын қалайды" деді Мәулен Әшімбаев.

Оның пікірінше, Қазақстан бүкіл ислам әлемінде сөзін тыңдайтын, халықаралық деңгейдегі өзінің 25-30 теологын дайындауы керек, бұл үшін олар "мемлекетшіл және өз елінің патриоты болуы тиіс".

Форумға қатысып жатқан дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев көп нәрсе діни нормаларды түсіндіруге байланысты екенін, көпшілігі мұны әр қилы түсінетіндіктен радикализм пайда болатынын айтты. Ермекбаев Қазақстанның "өз тарихы, мәдениеті, менталитеті бар, көпұлтты мемлекет екенін" айтып, осының барлығын ескере отырып "исламның базалық ережелерін емес, ислам ережелерін түсіндірудің өзіндік моделін" жасау керегін мәлімдеді. Оның сөзінше, осы себепті исламтанудың қазақстандық мектебін қалыптастыру керек.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG