Accessibility links

АҚШ-та сотталған Ресей депутатының ұлына және 14 жыл кесті


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ресей мемлекеттік думасының депутаты Валерий Селезневтің баласы, АҚШ-та киберқылмыс жасаған деген айыппен 27 жылға сотталған Роман Селезневке жаңадан тағылған екі айып бойынша тағы 14 жыл түрме жазасы тағайындалды. Сонымен бірге сот одан жаңа екі іс бойынша 53 миллион доллардан аса қаржы өндіріп алуға үкім еткен.

Роман Селезнев жаңа мерзімін бұған дейін алған жаза мерзіміне қоса өтейтін болады деп хабарлады АҚШ әділет министрлігі. Бұған дейін Роман Селезнев Джорджия және Невада штаттарында қозғалған екі қылмыстық іс бойынша өзін кінәлімін деп мойындаған болатын.

Ресей азаматы 2008 жылы ақша аударымын жасайтын компанияның электронды жүйесін бұзып, бөтеннің ақшасын иеленуге қатысқан. Оған қоса Селезневке хакерлер тобымен бірге несие карталарының деректерін ұрлауға қатысқан деген айып тағылған.

Роман Селезневті 2014 жылы АҚШ арнайы қызметі Мальдив аралында ұстаған. 2017 жылғы сәуірде алқабилер соты оны 27 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім еткен. Прокуратура Селезневтің іс-әрекетінен әлем бойынша 3700 түрлі қаржы мекемелері, 500-ден астам компания және миллиондаған несие карталарының иелері зиян шеккенін анықтаған. АҚШ-тағы Ресей елшілігі Роман Селезневке шыққан үкімге наразылық білдірген. Қылмыскердің әкесі, Ресей либералды-демократиялық партиясынан мемлекеттік думаға сайланған депутат Валерий Селезнев ұлының ұсталуын "адам ұрлау" деп атаған.

XS
SM
MD
LG