Желтоқсанның 1-і күні Мәскеуде футболдан 2018 жылғы әлем чемпионатының финалдық кезеңінің жеребесі тартылды. Жеребе тарту рәсіміне Ресей президенті Владимир Путин қатысты.
Әлемдік жарыстың финалдық кезеңіне өткен 32 елдің ұлттық құрамалары сегіз топқа бөлініп ойнайды. Бұл жолғы чемпионат Ресейде өтетіндіктен бұл елдің құрамасы автоматты түрде жарысқа қосылады. Бұрынғы совет елдері командаларының ешбірі осы жарыстың финалдық кезеңіне өте алмаған.
Жеребе қорытындысы бойынша FIFA-2018 турнирінің жарыс кестесінде командалар төмендегідей орналасты:
А тобы: Уругвай, Египет, Сауд Арабиясы, Ресей.
В тобы: Португалия, Испания, Марокко, Иран.
С тобы:Франция, Австралия, Перу, Дания.
D тобы: Аргентина, Исландия, Хорватия, Нигерия.
E тобы: Бразилия, Швейцария, Коста-Рика, Сербия.
F тобы: Германия, Мексика, Швеция, Оңтүстік Корея.
G тобы: Бельгия, Панама, Англия, Тунис.
H тобы: Польша, Сенегал, Колумбия, Жапония.
Футболдан кезекті әлем чемпионаты Ресей спортындағы жаппай допинг пайдалануға байланысты жанжал өршіп тұрған шақта өткелі отыр. Халықаралық футбол федерациясы (FIFA) спортшыларды допингке тексеру жұмыстарына ресейлік мамандар қатыстырылмайтыны туралы мәлімдеген.
Қарашаның 27-і күні жария етілген жаңа ережеге сәйкес, Ресейдегі әлемдік футбол чемпионаты матчы барысында расистік іс-әрекеттерді байқаса төрешінің алаңдағы ойынды тоқтата тұруға немесе доғаруға құқы бар.
Ресейде тұңғыш рет өтетін әлемдік футбол жарысы маусымның 14-інен шілденің 15-іне дейін жалғасады. Жоспар бойынша, чемпионат ойындары Ресейдің 11 қаласындағы 12 стадионда өтпекші. Футбол тарихындағы ең қымбат чемпионатты ұйымдастыруға 13 миллиард доллардан аса қаржы жұмсалған.