Accessibility links

Қазақ-қырғыз шекарасында кезек кәдімгідей азайды


Қазақ-қырғыз шекарасындағы жүк көліктері. 28 қараша 2017 жыл.
Қазақ-қырғыз шекарасындағы жүк көліктері. 28 қараша 2017 жыл.

Қазақстанның Қырғызстанмен шекарасындағы тексеру және өткізу бекеттерінде кезек азайды деп хабарлады Азаттыққа Қырғызстан шекара қызметі.

4 желтоқсан күні таңертең "Ат-Тілек" бекетінде 55 жүк көлігі қалған, басқа бекеттерде кезек болмаған. Қазақстан жағы шекарада жүк көліктерін өткізуді 3 желтоқсанға қараған түннен бері тездеткен.

2 желтоқсанда Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері шекарадағы жағдайды реттеу жөніндегі "жол картасына" қол қойған. "Жол картасында" шекаралық, көлік, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау, кедендік және салық салалары тәрізді екі жақты әріптестіктің өзекті мәселелерін кешенді түрде шешуді көздейтін 50 шара қамтылады. Соның ішінде жедел сипаттағы 16 шара, сонымен бірге бес қысқа мерзімді және 29 жүйелі шара енгізілген.

30 қарашада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков Минскіде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы жиынының аясында кездесіп, шекара мәселесін талқылаған. Кездесуден соң президенттер шекарадағы жағдайды реттейтін "жол картасы" желтоқсанның соңына дейін қабылданатынын хабарлаған.

Қазақстан Қырғызстанмен шекарадағы бақылауды қазанның 10-ынан бастап күшейтілген режимге көшіргеннен кейін көрші елден Қазақстан аумағына өту қиындап кеткен еді. Астана шекарада тексерудің күшейтілгенін контрабандамен күрес шарасы деп түсіндірген. Бішкек Қазақстан жағы шекарада "қолдан кедергі жасап отыр" деп мәлімдеген.

Кей сарапшылар Астананың мұндай шараға баруын сол кездегі Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың "Қырғызстанның ішкі ісіне араласып отыр" деп Қазақстан басшылығын сынаған мәлімдемесімен байланыстырған.

XS
SM
MD
LG