Accessibility links

БАҚ: Кремль аймақтарға сайлау кампаниясын дереу бастауды тапсырған


Ресей президенті Владимир Путин мен президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Сергей Кириенко.
Ресей президенті Владимир Путин мен президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Сергей Кириенко.

Кремль аймақтарға Федерация кеңесі сайлау кампаниясын ресми түрде бастаған күннің ертеңінде бірден 2018 жылы наурызға белгіленген президент сайлауы бойынша үгіт-насихат жұмыстарын бастап, билбордтарды іліп тастауды тапсырған. Бұл туралы жабық семинарға қатысқан дереккөзіне сілтеме жасаған РБК агенттігі хабарлады. Алдын ала мәлімет бойынша, сайлау кампаниясы 15 желтоқсанда басталмақ.

Орталық сайлау комиссиясындағы екі дереккөзі үгіт-насихат кампаниясына қатысты түпкілікті шешім әлі қабылданбағанын және үгіт-насихат плакаттары 17-18 желтоқсанда пайда болуы мүмкін екенін хабарлады.

Жиында сөйлеген президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Сергей Кириенко сайлау барынша ашық өтуі тиіс екенін және "барлық заң бұзу әрекеттері қатаң түрде жойылуы тиіс" екенін мәлімдеген. 2011 жылғы сайлаудағы бұрмалаушылықтар оппозицияның жаппай наразылық акциясын өткізуіне себеп болған.

Аймақ басшыларына сайлауға адамдарды "шынайы түрде қатыстыру" тапсырылған. "Левада-центр" орталығының қарашада жүргізген сауалнамасы бойынша, президент сайлауына ресейліктердің 58 пайызы қатысуға дайын. Бұған дейін РБК дереккөздері Кремль дауыс беруге сайлаушылардың 70 пайызы қатысады деп жоспарлап отырғанын хабарлаған. Дауыс беруден бас тартқандардың үштен бірі дауыс беруге өздерінің даусы ешнәрсені өзгерте алмайтындықтан қатыспайтынын айтқан. Респонденттердің 22 пайызы сайлау әділ өтетініне сенетінін, 17 пайызы кандидаттар арасында президенттікке лайықты саясаткер жоғын айтқан.

Ресейде президент сайлауы 2018 жылдың 18 наурызына белгіленген. Президент Владимир Путин қайтадан сайлауға түсетіні туралы әзірге жариялаған жоқ.

Бұған дейін саясаткерлер Геннадий Зюганов, Владимир Жириновский және Григорий Явлинский, тележүргізуші Ксения Собчак, оппозиционер Алексей Навальный сайлауға түсетіні туралы мәлімдеген. Бірақ ОСК Навальный "Кировлес" ісі бойынша өзіне шыққан сот шешімін жойдыра алса ғана кандидат болып тіркеле алатынын мәлімдеген. Навальный өзіне қарсы қылмыстық қудалаудың саяси астары барын айтады.

XS
SM
MD
LG