Accessibility links

Шымкентте "грантқа оқуға түсіремін деп алдаған" адам ұсталды


Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті (Сурет университеттің ресми сайтынан алынды).
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті (Сурет университеттің ресми сайтынан алынды).

Шымкентте сәрсенбіде полицейлер "оқуға түсуге көмектесемін деп оншақты жәбірленушіні алдаған" Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданының тұрғынын ұстады деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Күдіктіге "ақша бердік" деген азаматтар Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне барып, басшылығымен кездесті.

Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 21 жастағы күдікті жәбірленушілерге Шымкент қаласындағы оқу орындарының біріне грантқа ауыстырып беруге көмектесетінін айтып, ақша сұраған. "2017 жылдың қарашасында Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық ішкі істер бөліміне Түлкібас ауданының 19 жастағы тұрғыны арызданған. Онда әлдебір жас жігіттің оқу орындарының біріне грантқа ауыстырып беруге уәде еткені, 350 мың тенгесін алып ізін суытқаны туралы арызданған" делінген хабарламада.

Күдіктінің үстінен Қылмыстық кодекстің 190-бабымен ("Алаяқтық") қылмыстық іс қозғалған. Полиция бөліміне осыған ұқсас алаяқтық жайты бойынша облыс орталығының оншақты тұрғындары арызданған. Тергеу барысында күдіктінің 40 алаяқтық іске қатысы бары анықталған. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі - 14 миллион теңге. Күдікті қамауға алынған.

XS
SM
MD
LG