Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) төрағасы, бас мүфти болып Серікбай Ораз сайланды деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Жаңа мүфти бүгін Алматыда Ұлттық кітапханада өткен ҚМДБ құрылтайында сайланды.
Серікбай Ораздың кандидатурасын ҚМДБ-ның қазіргі төрағасы, бас мүфти Ержан Малғажыұлы ұсынды. Құрылтай делегаттары оның кандидатурасын бірауыздан қолдады. Жаңа мүфти бес жылға - 2022 жылға дейінгі мерзімге сайланды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, құрылтайға 300 делегат қатысты.
Қазақстанның дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев қатысқан құрылтайда сонымен қатар бас мүфтидің орынбасарлары да сайланды. Бас мүфтидің бірінші орынбасары Наурызбай Таған, екінші орынбасары Алау Әділбаев, үшінші орынбасары Бауыржан Есмаханов болды.
Құрылтай аяқталған соң Серікбай Ораз журналистерге Ержан Малғажыұлының Алматыдағы қазақ-египет "Нұр" ислам университетіне басшылық қызметке кететінін, білім саласына қызмет етуге сұранғанын айтты. Ержан Малғажыұлы ҚМДБ төрағасы, бас мүйти болып 2013 жылы ақпанда сайланған болатын.
Серікбай Ораз бұған дейін Астанадағы "Әзірет Сұлтан" мешітінің бас имамы әрі наиб мүфти (бас мүфтидің орынбасары) болған. Бұл қызметке дейін ол мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аға қызметкері, Астана қаласы әділет департаменті діни істер бөлімінің бас маманы, президент іс басқармасының әкімшілік ғимараттар дирекциясының директоры болып жұмыс істеген. Әр жылдары облыс, қала және аудан деңгейінде имам болған.