Қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) шешімімен екі жылға спорттан шеттеттілді. Бұл туралы Қазақстан ауыр атлетика федерациясы хабарлады.
Ильиннің жаза мерзімі тәртіп бұзған кезден, яғни 2016 жылғы маусымның 10-ынан бастап есептеледі. Ильинге 2018 жылдың маусымында спортқа оралуға мүмкіндік бар.
Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) былтыр 2008 жылғы Пекиндегі және 2012 жылы Лондонда өткен олимпиада ойындарының сынамаларын қайта тексерген. ХОК Ильиннің осы екі олимпиададағы анализдерінен допинг табылғанын хабарлап, ресми жарыстағы нәтижелерін жойған.
Илья Ильиннің әлем және Азия ойындарында алған медальдары сақталады.