Accessibility links

БҰҰ бас хатшысының орынбасары Пхеньянда болды


БҰҰ бас хатшысының орынбасары Джеффри Фелтман Солтүстік Корея сыртқы істер министрлігі басшылығымен кездесіп отыр. Пхеньян, Солтүстік Корея, 6 желтоқсан 2017 жыл.
БҰҰ бас хатшысының орынбасары Джеффри Фелтман Солтүстік Корея сыртқы істер министрлігі басшылығымен кездесіп отыр. Пхеньян, Солтүстік Корея, 6 желтоқсан 2017 жыл.

БҰҰ бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары, АҚШ азаматы Джеффри Фелтман Солтүстік Кореяны сұрапыл халықаралық жанжалға соқтыруы ықтимал "қателіктердің шұғыл алдын алу қажеттілігі" туралы ескерткен.

Желтоқсанның 9-ы күні Біріккен Ұлттар Ұйымы Фелтманның Пхеньянға сапары кезінде Солтүстік Кореяның сыртқы істер министрі Ли Ен Хо және оның орынбасары Пак Мен Гукпен кездескені туралы хабарлады. Бұл өзге әлемнен өз-өзін оқшаулаған тұйық мемлекетке соңғы жеті жылда БҰҰ-ның жоғары лауазымды дипломатының алғашқы сапары болып отыр.

Желтоқсанның 5-інен 8-іне дейін жалғасқан сапар кезінде Фелтман Солтүстік Корея басшылығына "есептен жаңылысу жанжалға ұрындыруы мүмкін" екенін ескертіп, Пхеньянды өзге әлеммен байланыс арналарын ашық ұстауға шақырған. Фелтман Солтүстік Корея БҰҰ-ның қарарын бұзып, баллистикалық зымыран және ядролық қару сынақтарын өткізгеннен кейін туындаған жанжалдың бейбіт шешімін табуға халықаралық қауымдастықтың бейіл екенін Пхеньянға жеткізген.

Солтүстік Корея осыдан бір апта бұрын АҚШ аумағына дейін жете алатын жаңа баллистикалық зымыран сынағын өткізгені туралы мәлімдеген болатын. Халықаралық қауымдастық Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынды тағы да айыптаған. Оның алдында осы аптада АҚШ пен Оңтүстік Корея бірлескен әскери жаттығу өткізген, Пхеньян оны "арандату" деп атаған.

XS
SM
MD
LG