Ливандағы АҚШ елшілігінің жанында жексенбі күні полиция мен АҚШ президенті Дональд Трамптың Иерусалимді Израиль астанасы деп тану туралы шешіміне наразы демонстранттар арасында қақтығыс болды.
АҚШ елшілігі жанына жиналған бірнеше жүз демонстранттың кейбірі дипломатиялық өкілдікке жанғыш қоспа лақтырып, көшеде от жаға бастаған соң қауіпсіздік күштері оларды бұл маңнан ығыстыру үшін көзден жас ағызатын газ бен су шашқан.
Ливанда бірнеше жүз мың палестиналық босқын тұрады.
Желтоқсанның 6-сында АҚШ президенті Дональд Трамп Иерусалимді Израиль астанасы деп тану және Тель-Авивтегі АҚШ елшілігін соған көшіру туралы шешімін жариялаған болатын.
Бұдан соң шұғыл отырысын өткізген Араб лигасы елдерінің сыртқы істер министрлері президент Трамптың шешімін айыптап, АҚШ палестин-израиль дауын бейбіт реттеуде арағайын бола алмайды деп мәлімдеген.
Әлемдегі халқы ең тығыз қоныстаған мұсылман елі саналатын Индонезияда желтоқсанның 10-ы күні Джакартадағы АҚШ елшілігі алдына мыңдаған адам жиналып, наразылық акциясын өткізген. Мұндай шаралар Индонезияның басқа қалаларында да өткен.
Палестиналықтар Иерусалимді өздерінің болашақ мемлекетінің астанасы деп санайды. Израиль Шығыс Иерусалимді өзіне қосып алғаннан кейін бүкіл қаланы өз астанасы деп жариялаған, әлемдік қауымдастық оны мойындамаған. Шет мемлекеттердің көбінің Израильдегі елшіліктері Тель-Авивте орналасқан.