Accessibility links

Қырғызстан AFP тілшісі Крис Риклтонды Дубайға депортациялады


Крис Риклтон, AFP-ның Қырғызстандағы тілшісі.
Крис Риклтон, AFP-ның Қырғызстандағы тілшісі.

France Press агенттігінің (AFP) тілшісі, 9 желтоқсанда Қырғызстанға кіргізбей қойған Ұлыбритания азаматы Крис Риклтонды Дубайға депортациялап жіберді. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз редакциясына оның әріптесі Толкун Наматбаева хабарлады. Риклтон Дубайдан AFP-ның Қазақстандағы кеңсесіне ұшып келмек. Соңғы жеті жыл әйелі және баласымен Қырғызстанда тұрып, жұмыс істеген Крис Риклтон 9 желтоқсанда Facebook-те Дубай арқылы Коломбодан Бішкекке ұшып келгенде өзін Манас әуежайында ұстап, Қырғызстанға кіргізбей қойғанын хабарлаған болатын.

Крис Риклтон әйелі мен баласы Қырғызстан азаматтары болғандықтан және олардың туыстары Бішкекте тұратындықтан өзі де Қырғызстанда тұрғысы келетінін айтады. Журналист бұл туралы өтінішін әлеуметтік желісі арқылы Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековке жазған.

Риклтон Бішкектегі Америка университетінде оқытушы болып істейді. Ол 2015 жылдан бері AFP тілшісі болып істеп, Қырғызстандағы Көшпенділер ойынынан белсенді түрде хабар таратқан.

Бұған дейін Қырғызстанның Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті журналистің елге кіруіне тыйым салынғанына қатысты комментарий берген. МҰҚК ресми өкілі Рахат Сулеймановтің Азаттыққа хабарлауынша, Крис Риклтон "виза режимін бұзғандықтан" Қырғызстанға кіруіне тыйым салынған. Арнайы қызмет журналистің Қырғызстанда жүріп-тұруға қатысты нақты қандай заң бұзғанын айтпай отыр.

XS
SM
MD
LG