Accessibility links

Қарағанды облысында 200-дей кенші наразылық танытып жатыр


Қарағанды облысының картадағы орны (Көрнекі сурет).
Қарағанды облысының картадағы орны (Көрнекі сурет).

Қарағанды облысында "АрселорМитталТеміртау" компаниясы шахтасының түнгі ауысымда жұмыс істейтін 200-ге тарта кеншісі 11 желтоқсан күні жұмыс ауысымы аяқталғанда жер бетіне шығудан бас тартты. "АрселорМитталТеміртау" компаниясы жұмысшылардың наразылық акциясы заңсыз екенін хабарлады. Компания ақпаратына қарағанда, төрт шахта кеншілерінің біразы ауысым аяқталған соң жұмыс орындарын босатудан бас тартқан. "Қалған шахталар қалыпты режимде жұмыс істеп тұр" делінген компания хабарламасында.

Қарағанды облысының әкімдігі бүгін жағдайды бақылауға алғанын және "компания басшылығы мен көмір өндірушілердің "Қорғау" кәсіподағы арасында еңбек заңы аясында диалог басталғанын" хабарлады.

Наразылық танытқан жұмысшылардың жалақыны өсіруді, еңбек жағдайын жақсартуды және кеншілердің жеңілдетілген зейнетақы жүйесін қалпына келтіруді талап еткені туралы ақпараттар түсіп жатыр. "Қорғау" кәсіподағының төрағасы Марат Миргаязовтің телефоны сөндіріліп тұр. Кейбір ақпараттарға қарағанда, ол облыс әкімдігінде келіссөз жүргізіп жатыр.

Соңғы екі аптада Қарағанда облысында кеншілер осымен екінші рет наразылық танытып жатыр. Қарашаның соңында Сәтпаев қаласында "Қазақмыс" корпорациясына қарасты Оңтүстік Жезқазған кенішінінің ондаған жұмысшысы наразылық танытып, түнгі ауысымнан соң жер бетіне көтерілуден бас тартқан. Олар жалақыны өсіруді және зейнетақыға үстеме қосуды талап еткен. Ол кезде наразылыққа шахта сыртында тағы жүздеген жұмысшы қосылған. Кейін "Қазақмыс" корпорациясы еңбек дауын реттегенін хабарлаған.

XS
SM
MD
LG