Accessibility links

"Қазақмыс" кеншілермен "еңбек дауын реттегені" жайлы хабарлады


"Қазақмыс" корпорациясының кәсіпорны. (Көрнекі сурет.)

"Қазақмыс" корпорациясы еңбекақыны көтеріп, әлеуметтік жағдайларын жақсарту туралы талап қойған Оңтүстік Жезқазған кенішіндегі жұмысшылармен арадағы "еңбек дауы реттелгені" туралы ақпарат таратты. Компания бұл туралы шахтадан шығудан бас тартқан кеншілермен келіссөз өткізгеннен кейін хабарлады.

"Қазақмыс" корпорациясының басшылығы Оңтүстік Жезқазған кенішінде еңбекақыны көтеру және әлеуметтік жағдайды жақсарту туралы талап қойған кеншілермен келіссөзде оларды жұмыс орындарына оралуға көндірді деп хабарлады бейсенбі күні компанияның баспасөз қызметі.

"Қазақмыс корпорациясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі "Жезқазғантүстіметал" өндірістік бірлестігінің Оңтүстік Жезқазған кеніші жұмысшыларымен арадағы еңбек дауының реттелгені туралы хабарлайды. Корпорацияның барлық кәсіпорындары штаттық режимде жұмыс істеп тұр" делінген "Қазақмыс" баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Бұған дейін әлеуметтік желілер арқылы тараған ақпаратта қарашаның 30-ы күні Сәтпаев қаласындағы "Қазақмыс" корпорациясының жұмысшылары компания әкімшілігіне еңбекақыны 70 пайызға көбейту, кәсіпорында ұзақ уақыт еңбек еткендердің зейнетақысын арттыру және жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік жағдайын жақсарту туралы талап қойғаны айтылған. Сонымен бірге кеншілер корпорация басшысы Эдуард Огаймен кездесуді талап еткен.

Бейсенбі күні ереуілшілермен "Қазақмыс" корпорациясы басшылығы еңбек дауына қатысты келіссөздер бастағаны туралы Қарағанды облысы әкім хабарлаған болатын.

"Қазақмыс" кеншілерінің наразылығы туралы видео:

Корпорация басшылығымен келіссөздер қандай нәтижемен аяқталғаны туралы оған қатысқан жұмысшылар комментарий беруге ықылас білдірмеді. Оқиға болған кеніштегі жағдайды бақылаған жергілікті кәсіподақ белсендісі Берік Жағыпаровтың Азаттыққа айтуынша, "корпорация басшылығы өкілдері кеншілердің еңбекақы мен медициналық-сауықтыру мәселелеріне қатысты талаптарын қарауға уәде еткен".

"Компания жұмысшылардың зейнетақыға қатысты талабын қарау құзыретіне енбейтінін, ол үкімет деңгейінде шешілетін мәселе екенін айтқан", - деді белсенді.

Бұған дейін "Қазақмыс" корпорациясының ондаған жұмысшысы түнгі ауысымнан кейін қарашаның 30-ы күні таңертең шахтадан шығудан бас тартқаны туралы әлеуметтік желілерде азаматтық белсенділер хабарлаған болатын. Олардың дерегі бойынша, жұмысшылар еңбекақыны 70 пайызға көбейту, кәсіпорында ұзақ уақыт еңбек еткендердің зейнетақысын арттыру және жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік жағдайын жақсарту туралы талаптар қойған.

Азаматтық белсенділер Facebook әлеуметтік желісінде Жезқазғандағы жұмысшылар ереуілі жайлы жариялаған видео мен фотосуреттерде арнайы жұмысшы киімін киген ондаған адам өндіріс орнына ұқсайтын жерде жиналып тұрғаны бейнеленген. Белсенділердің сөзінше, жұмысшылар Сәтпаев қаласынан ондаған шақырым қашықта орналасқан Оңтүстік Жезқазған кенішіне қарасты №65 шахтасының әкімшілік ғимараты алдына жиналған.

Бейсенбі күні Азаттық сөйлескен куәгер шахтадан шығудан бас тартып отырған кеншілер саны 300-ге жуық адам деп хабарлады. Корпорацияның баспасөз қызметі ереуілге қатысқан жұмысшылар санына қатысты ақпарат берген жоқ.

Қазақстанда түрлі-түсті және сирек металдар өндіруші ең ірі өнеркәсіп саналатын "Қазақмыс" тау-кен корпорациясының кеніштері негізінен Қарағанды облысында орналасқан. Құрамында он бір кеніш, төрт кен байыту фабрикасы, екі мыс қорыту зауыты және екі көмір кеніші бар корпорация кәсіпорындарында жалпы саны 30 мыңнан аса адам еңбек етеді.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG