Accessibility links

Зиянды жұмыс істейтіндерге сүт беруге қатысты екіұдай пікір


Болат балқыту цехындағы жұмысшылар. Теміртау, 13 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Болат балқыту цехындағы жұмысшылар. Теміртау, 13 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зиянды өндірістегі жұмысшыларға берілетін сүт өнімдері профилактикалық рөл атқармайды деп санайды. Кей мамандар өндіріс орындарында сүт беруді тоқтатумен келіспейді.

ЕМДІК-ПРОФИЛАТИКАЛЫҚ ТАҒАМ ТҮРІ

Атыраудағы мұнай компаниялардың бірінде жұмыс істейтін Нұржан жұмыс орнынан күніне бір жарым литр сүт өнімдерін алады. Ол айран, сүт, қатықты тегін алатынын, кәсіпорын басшылығы мен дәрігерлер сүт өнімдерін ішуді талап ететінін айтады.

Вахталық әдіспен жұмыс істеймін. Сүт мол, шектеу жоқ. Сүт ішкенімізді қадағалайтын дәрігерлер іштегі радиация мен ауамен кірген зиянды заттарды сүт өзіне жинап алады дейді.

- Вахталық әдіспен жұмыс істеймін. Сүт мол, шектеу жоқ. Сүт ішкенімізді қадағалайтын дәрігерлер іштегі радиация мен ауамен кірген зиянды заттарды сүт өзіне жинап алады дейді. Жұмыс орным зиянды кәсіпорын саналғандықтан, басшылық сапалы тағам, лайықты жалақымен қамтамасыз етуге тырысады. Ал сүт өнімдерін беру тоқтатылатыны туралы әлі айтқан жоқ. Егер біз тәрізді зиянды өндіріс орындарында жұмыс істейтіндерге сүт өнімдерін беруді тоқтатса, онда орнына басқа тағамдар, витаминдер ұсынуы тиіс деп ойлаймын, - дейді ол.

Биылғы мамыр айында Астанада өткен халықаралық тау-кен конгресінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбек жағдайларын бақылау басқармасы басшысы Сәрсен Дүйсенов «сүт өнімдері жұмысшылардың денсаулығын жақсартуға көмектесе алмайды» деп мәлімдеген.

«Жұмысшыларға сүт және оған тең өнімдерді беру - СССР кезінен келе жатқан үрдіс. 1920 жылы халық комиссарлары кеңесі шешімі шыққан соң жаппай сүт өнімдерін бере бастады. Соңғы зерттеулер сүт өнімдері жұмысшылардың денсаулығын жақсарта алмайтынын көрсетті» деген Дүйсенов оны қайта қарау қажеттігін айтқан.

Сүт жинап жүрген көлік. (Көрнекі сурет)
Сүт жинап жүрген көлік. (Көрнекі сурет)

Осы министрлікке қарасты еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ақмәди Сарбасов Азаттыққа өндірісте істейтін жұмысшыға сүттің берер пайдасының шамалы екені арнайы ғылыми зерттеу негізінде дәлелденгенін айтады.

- Біз үш ірі тау-кен өндірісінде емдік-профилатикалық тағамдар, сүт және дәрумендік препараттарды қабылдау бойынша зерттеу жүргіздік. Оның нәтижесі өндіріс факторларының кері әсерін төмендетуде сүт өнімдерінің аса маңызды профилактикалық рөл атқармайтынын көрсетті. Алдағы уақытта министрлік осы зерттеу нәтижесіне сүйеніп, шешім шығарады, - дейді ол.

МАМАНДАР ПІКІРІ

Қазақ тағамтану академиясының академигі Төрегелді Шарманов министрліктің ұсынысымен келіспейді. Маманның айтуынша, сүт тағамдарының адам денсаулығына пайдасы мол.

Сүт улы заттарды өзіне тартып алады және адам ағзасына түскен зиянды заттарды өзіне қабылдайтын күшке ие.

- Сүт улы заттарды өзіне тартып алады және адам ағзасына түскен зиянды заттарды өзіне қабылдайтын күшке ие, - дейді тағамтанушы.

«Қазақмыс» компаниясының жұмысшыларын емдейтін Жезқазған медициналық орталығының дәрігері Перизат Тәшенова Азаттық тілшісімен әңгімеде «сүт өнімдерінің пайдасы болғандықтан, жұмысшылардың күнделікті ас мәзіріне қосатындарын» айтты.

- Сүт адам ағзасына түскен зиянды заттарды сыртқа шығарады деген тұжырым бар. Сондықтан ауыр өнеркәсіпте істейтін жұмысшыларға күнделікті айран, ірімшік, йогурт ішу міндетті, - дейді ол.

Ал сүт өнімдерін зерттеп жүрген биотехнолог Әлия Мелдебекова «сүт тағамдары денедегі металдар мен зиянды заттарды толық алып шығады» дегенмен келіспейді.

- Өндірісте жұмыс істейтіндерге сүт өнімдерін беру тәртібі тек Совет Одағында ғана болған. Ленинград зауытында жұмысшыларды қолдау үшін сүт беруді Лениннің бұйрығымен енгізген. Ол заманда жұмысшылар жеткілікті дәрежеде тойып тамақ ішпейтін. Сол кезде сүт денсаулықты оңалтып, жақсартатын тағам ретінде емес, қосымша ас ретінде берілді. Өткен ғасырдың 80-жылдары жазылған зерттеулерде сүттің профилактикалық пайдасы бар деген тұжырымдар жасалған. Батыс елдерінде ауыр өнеркәсіпте таза сүт беру тәжірибесі жоқ. Сүттің құрамында лактоза болғандықтан ол аллергенді тағамға жатады. Кей адамға сүт жағады, кей адамның оған аллергиясы болады, - дейді маман.

Әлия Мелдебекова металдар ақуызбен байланысатынын, сүт құрамында ақуыз барын және металдардың байланысуы химиялық ортаға да байланысты екенін ескертеді.

Ағзаға түскен кей металдар бастапқыда сүтпен байланысқанымен кейін қышқылдық ортаға барғанда ажырап кетеді. Яғни, металл ағзада қалып кетуі де мүмкін. Сондықтан бұл мәселені әлі толық зерттеу керек. Егер қажет болса сүтке балама ұсынған жөн.

- Ағзаға түскен кей металдар бастапқыда сүтпен байланысқанымен кейін қышқылдық ортаға барғанда ажырап кетеді. Яғни, металл ағзада қалып кетуі де мүмкін. Сондықтан бұл мәселені әлі толық зерттеу керек. Егер қажет болса сүтке балама ұсынған жөн, - дейді ол.

Маман ауыр өнеркәсіпте істейтін жұмысшыларға адам ағзасында қорытылмайтын тағамдық талшықтар беруді ұсынады. «Тағамдық талшықтар ішекке түсіп, қорытылмаған күйі адам ағзасындағы зиянды заттар мен шлактарды алып шығады. Сондықтан, сүт өнімдері және тағамдық талшықпен байытылған рациондарды салыстыру қажет» дейді ол.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы бұйрығына сәйкес, Қазақстанда зиянды өндіріс орындарында кәсіптік аурулар мен уланудың алдын алу, жұмыскерлер денсаулығын нығайту мақсатында жұмыс берушінің қаражаты есебінен жұмысшыларға сүт пен емдік-профилактикалық тағамдар беру тәртібі белгіленген.

XS
SM
MD
LG